НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. АЭС салынатын жерді таңдау кезінде құтқарушылардың ұсынысы ескерілді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Ильиннің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы да АЭС салынатын аймақ ретінде қарастырылып отыр. Әзірше, нақты шешім қабылданған жоқ.
"Біздің министрлік те алаңды таңдау жұмысына қатысып жатыр. Нақты шешім шығарылғаннан кейін сол алаң бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Сол кезде төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретіне кіретін мәселелер де ескеріледі", - деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, АЭС құрылысы үшін қаралып жатқан жерлерде адамдар тұрмайды. Бірақ жанында елді мекендер орналасқан.
"Осы алаңдар жоғары сейсмикалық белсенділігі бар аймақтарға кірмейді. Сондықтан жер сілкіну қаупі жоқ. Сол сияқты сел жүру немесе таудың опырылуы сияқты қауіп-қатер де жоқ. Осы жерлерді таңдағанда төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынысы ескерілген болатын", - деп атап көрсетті Ильин.
Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атаған болатын.