НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан — Sputnik. Әлеуметтік желілерде Halyk Bank бір ұйыммен бірлесіп, қазақстандықтарға инвестициялармен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске қосқаны туралы жарнама шықты. Бағдарлама туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлағандай көрсетілген. Алайда бұл жалған ақпарат, деп жазады stopfake.kz.
Мұндай мемлекеттік бағдарламаның іске қосылғаны туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында да хабарланбаған.
Жарнамада логотипі қолданылған KTK телеарнасының ресми сайтында Берік Уәлидің осы тақырыпта жасаған мәлімдемесі туралы еш нәрсе айтылмаған.
Сондай-ақ, Берік Уәлидің Facebook-тағы ресми парақшасында инвестицияларға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы хабарламалар жоқ. Halyk Bank сайтында да, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да банктің ірі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратыны туралы ақпарат жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің порталында да мұндай бағдарлама жайлы жазылмаған.
"Таратылған жарнамалық ақпарат фейк. Онда айтылған мемлекеттік бағдарлама жоқ. Жарнамада алаяқтықтың белгісі бар, алаяқтар адамның немесе компаниялардың атын жамылып, пайдаланушыларды фишингтік сайттарға кіруге шақырады", - делінген хабарламада.
Алаяқтар сілтемеге басқан адамдардың жеке парақшаларының логиндері мен құпиясөзін, жеке деректерді, төлем карталарының деректерін, тіпті жеке куәліктердің, төлқұжаттардың нөмірлерін алады.