НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Осы мектептің ең танымал түлегі – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Sputnik Қазақстан мемлекет басшысы мектепке барғанда қандай естелігімен бөліскенін және бір ғасырға жуық уақыт бойы жұлдызды түлектерді тәрбиелеп шығарып жатқан білім ордасының құпиясы неде екенін біліп қайтты.
Мектеп дәлізі.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Алматыдағы №25 гимназияның директоры Ғазиза Аманбай Sputnik Қазақстан агенттігіне Тоқаевтың мектепке сапары туралы айтып берді. Сонымен қатар тілшілер мектептегі ерекше дәстүрлер туралы біліп, шамамен елу жыл бұрын президент жазған хатты оқыды және ол сабақ оқыған кабинетті көріп қайтты.
Хат мәтінін Тоқаев құрастырған.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназия 87 жыл бұрын шағын жинақты мектеп ретінде Пушкин көшесіндегі 73-ші көпес үйінде ашылды. Бастапқыда мұнда тек төрт сынып болған. 1937 жылы толық орта мектепке арналған жаңа ғимарат салынды да, 1962 жылы жанынан тағы ғимарат бой көтерді. Бұл гимназия Қазақстанның мәдениет тарихының ескерткіші болып саналады.
Бұл жылдары ол аты-жөнін Жомарт Тоқаев деп жазған.
© Sputnik / Тимур Батыршин
50-жылдары бір қанатында Оқушылар сарайы орналасты. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде бірінші қабатта әскери госпиталь болды.
2004 жылдың ақпанында Қазақстан үкіметінің шешімімен мектепке Ілияс Есенберлиннің аты берілді.
"Жұлдызды" гимназия
Директор Ғазиза Аманбай гимназияда 28 жыл еңбек етсе, соның 15 жылын жоғары қызметте атқарып келеді. Ол қарапайым мұғалім қызметінен бірте-бірте білім мекемесінің басшысына дейін көтерілді. Ғазиза Әбдіхалыққызы гимназияның басшысы ретінде қонақжайлылық танытып, оқу кабинеттері мен музейді көрсетті. Ол әр оқушының аты-жөнін жатқа біліп қана қоймай, әр баланың тілегі және құлшынысымен де таныс екеніне көзіміз жетті. Жалпы 800 балаға арналған гимназияда қазір 1006 бала білім алып жатыр.
Мектеп оқушылары камера мен журналистер назарына үйренген.
© Sputnik / Тимур Батыршин
2019 жылы ғимарат толықтай жөндеуден өтті. Қамқоршылық кеңесіндегі ата-аналар мектеп дизайнымен айналысты. Олар қабырғалардың, есіктердің түсін таңдап, кабинеттің қалай безендірілетінін ойластырды.
Мектеп асханасы кафе немесе ресторанға ұқсайды.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Айта кету керек, гимназия кабинеттерінің барлығы өтетін пәнге орай сәйкестендіріліп сәнделген. Мысалы, химия сыныбында қабырғаға Менделеев кестесі салынса, ағылшын және француз тілі кабинеттерінде екі елдің сәулетті орындарының суреттері ілінген. Дәлізде орындықтар, ойын үстелдері, шахмат, қолөнер бұйымдары мен суреттер қойылған.
Химия кабинеті.
© Sputnik / Тимур Батыршин
"Балар үшін ыңғайлы. Себебі біреуі жүгіргенді ұнатса, біреуі отырып, конструктормен әуестенеді. Үзіліс пен сабақтан тыс уақытта олар сурет салып, кітап оқып, жазу жазады. Тарих, өзін-өзі тану, әдебиет пәндерін музейде және акт залында өтеді", - деді Ғазиза Аманбай.
Мектеп директоры Ғазиза Аманбай.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Оның айтуынша, мектептің қамқоршылық кеңесі де мықты. Биыл оның құрамына гимназияның төрт түлегі кірген.
"Көп түлек мұнда өз балаларын алып келеді, сондықтан білім алушылар арасында ұрпақ жалғастығы бар. Біздің гимназияның тағы бір ерекшелігі – рухы. Бізде қадірлейтін дәстүр өте көп. Өткен жылы мектепте оқу ордасының тарихы мен оның танымал түлектеріне арналған музей ашылды", - деді директор.
Сабақтан тыс уақытта оқушылар шахмат ойнайды.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Музейге де мектептің аты секілді Ілияс Есенберлиннің есімі берілген. Оның ұлы да осы мектепті бітіріп, әкесінің үстел, баспа машинасы мен кітаптары секілді жеке заттарын музей қорына табыстады.
Ілияс Есенберлиннің жазу машинкасы.
© Sputnik / Тимур Батыршин
№25 гимназияның әр жылдардағы атақты түлектері: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, саясаткер Владимир Жириновский, тарихшы әрі журналист Иосиф Маляр, археолог Кемел Ақышев, өнертанушы Анатолий Кельберг, кинорежиссер Вадим Әбдірашитов, А-Студио тобының бас-гитарисі Владимир Миклошич, Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Галиев, режиссер Юрий Пискунов, композитор Әлім Зайыров, А-Студио тобының әншісі Бағлан Сәдуақасов, саясаткер Дәулет Сембаев, нейрохирург Юрий Аношин, ғалым Абай Байгенжин.
Болашаққа хат
Ғазиза Аманбай болашаққа хат жазып, оны уақыт капсуласына салу гимназиядағы басты дәстүр екенін айтты. Бұл ең алғаш рет 1970 жылы орындалған екен. Ал Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметінде болған Қасым-Жомарт Тоқаев 2003 жылы мектепке келіп, қызықты дәстүрді еске салды. Бірақ ол кубок тек бір жылдан кейін табылды.
1964 жылы жазылған хат.
© Sputnik / Тимур Батыршин
"2003 жылы түлек ретінде Тоқаев біздің мектепке келді. Ол вестибюльге кіре сала "осы бір тұсқа біз кубокты жасырған едік" деді. Біз ол жолы ештеңе түсінбедік. Бірақ 2004 жылы вестибюльді реконструкциялау кезінде құрылысшылар қабырғаны тазартып, жәдігерді тауып алды. Оның беті тақтаймен жабылып, ішінде осы кубок жатты. Қазір ол жақта тақтайша ілініп тұр", - деді директор.
Комсомолшылардың хаты.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ғазиза Аманбай кубок табылатын уақытта мектепте болған. Бұл шақта қас қарайып, сағат жетіге жақындап қалған.
"Біз оны ашып көрдік. Оның ішінде комсомолшылардың хаты жатты. 1970 жылға алғашқы хатты 1964 жылғы түлектер жазған. Сол шақта алау алып жүретін шеру жүрген. Сонда комсомолшылар екі беттік параққа революцияның жүз жылдығына арнап 2017 жылдың түлектеріне хат арнаған", - деді Аманбай.
Хат салынған уақыт капсуласы.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Капсуланы төрт комсомолшы бекіткен. Олардың қатарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт та болған. Бірақ болашақ президент мәтінді құрастырғанымен, оны өзі жазбаған.
Уақыт капсуласы жасырылған қабырға.
© Sputnik / Тимур Батыршин
2005 жылы гимназия 40 жыл бұрынғы бастаманы жалғастырып, оқушылар мен ұстаздар 2030 жылға арнап хат жазды және өз уақыт капсулаларын қабырғаға бекітті. Ал 2021 жылы мектепте болған Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылы ашылуы тиісті уақыт капсуласын орналастыруға қатысты.
Тоқаев балалық шақты еске алды
Гимназия директоры мемлекет басшысының жақында ғана болған мектепке сапарының жай-жапсарымен бөлісті. Оның айтуынша, Тоқаевтың келуіне қатысты ауқымды дайындық болған жоқ. Мектеп қалыпты режимде жұмыс істеп жатты. Президент мектептің жабдықталуына, жөндеу жұмыстарына, қазіргі жағдайына жоғары баға берген. Ол "біздің кезде мұндай жабдықтар болмаған" деп айтқан.
Директорлар туралы мәлімет жазылған үй кітапшасы.
© Sputnik / Тимур Батыршин
"Президент оқыған кабинетті де анықтап алдық. Ол кабинетті көрді. Сол жылдары әр сынып өз кабинетінде отырған. Сондықтан 10 "В" сыныбының кабинетін таптық. Үшінші қатардың үшінші партасында Тоқаев отырған. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Анна Борисовна Игдал президенттің сынып жетекшісі болған. Маған ол кісімен бірнеше жыл жұмыс істеу бұйырды", - деді Аманбай.
Тарих бұрышы.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Тоқаев өзінің сүйікті ұстазы – Серафима Филатовна Никонованы еске алды. Ол тарихтан сабақ берген. Педагог 92 жасқа дейін өмір сүрген. Владимир Жириновский де оны бірнеше рет ерекше алғыспен есіне алған.
Тоқаев оқыған кезде мұндай акт залы болмаған. Қандай да бір іс-шара өткізу керек болған кезде парталарды сыртқа шығарып, үш кабинеттің бірін жасақтаған.
Тоқаев гимназияда әлі күнге дейін француз тілін тереңдетіп оқытатынын, Франция елшілігімен, Француз альянсымен тығыз байланыс бар екенін, халықаралық деңгейде оқушылармен алмасу жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Президент бұл жағдайды жоғары бағалап, осы дәстүрлерді және байланысты сақтау қажет екенін айтты.
Есенберлиннің жеке заттары.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Сонымен қатар, президент мектеп музейін тамашалады. Мұнда хаттар мен құрмет тақталарынан бөлек, соғыс жылдарынан бері мектепті басқарған директорлардың аты-жөні жазылған үй кітапшасы бар. Мемлекет басшысы құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды.
Тоқаев мектеп кітапханасына түрлі жанрдағы 200-ден астам кітап сыйға тартты. Сондай-ақ ол VR-сынып табыстады. Бұл гимназия оқушыларының көптен бергі арманы болған. Ал оқушылар мен ұстаздар президентке цифрландырылған хаттар және архивтегі суреттер бар жинақты сыйлады.
Ғазиза Аманбай Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бітірген жылдан бері мектебі жайлы ұмытпағанын айтты. Ол 2000 және 2014 жылдары мектепке хат жолдап, бірнеше рет кітаптар сыйлаған.
Тоқаев сыйлаған кітаптар.
© Sputnik / Тимур Батыршин
Сөз соңында Ғазиза Аманбай музейде гимназияның әрбір атақты түлегіне арнап жеке бұрыш дайындауды жоспарлап отырғанын айтты. Қазір осы мақсатта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Мектеп әкімшілігі Мемлекеттік архивтен ескі сурет тауып алған. №25 мектеп сол жылдары архивке құжат тапсыратын жалғыз мектеп болып шықты.