Оқиға

Экология министрлігі Өскемендегі қызғылт түтінге не себеп болғанын анықтады

Шығыс Қазақстанда облыс орталығының тұрғындары титан-магний комбинатынан шыққан қызғылт түтінге байланысты дабыл қақты. Бұған ауадағы хлор деңгейінің жоғарылауы себеп болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Өскемендегі қызғылт түтіннің себебін атады.
Бұған дейін кәсіпорын мұржаларының маңында қызғылт түтін шығып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын.
Тұрғындар "Өскемен титан-магний комбинаты"АҚ-да апат болды деп болжады. Кәсіпорын өкілдері мен экологтардың түсініктеме бермеуі қала тұрғындарын одан сайын үрейлендірді.
Министрдің айтуынша, комбинатта болуы мүмкін апат туралы ақпарат 21 желтоқсан күні сағат 12:00-де түскен.
"Сағат 12:15-те экология департаменті мән-жайды анықтау мақсатында санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы жер үсті қабатындағы зиянды заттардың мөлшерін өлшеді. Нәтижесінде хлордың белгіленген шекті концентрациядан асып кеткені анықталды", - деді экология министрлігінің басшысы.
Сондай-ақ Серікқали Брекешев облыстық экология департаменті комбинатта жоспардан тыс тексеріс жүргізуге бастамашылық етті.
Оқи отырыңыз: Алматы метросындағы түтін жолаушылардың үрейін ұшырды – видео