Өңірлер

"Құрбысымен сөзге келген": Сайрамда жоғалған студент қыз саябақтан табылды

Бір аптаға созылған іздестіру шаралары нәтижесінде жедел уәкіл қыздың ізіне түсті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Түркістан облысында полицейлер үйіне оралмаған студент қызды Шымкенттен тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына Түлкібас ауданының тұрғыны арызданды. Әйелдің айтуынша, оның Сайрам ауданындағы колледждердің бірінде оқитын 17 жастағы қызы жұма күні сабаққа кеткеннен қайта үйіне оралмаған. Мүлдем байланысқа шықпаған. Сенбі, жексенді күндері туыстары іздегенімен жасөспірімді таппапты. Содан дүйсенбі күні полицейлерден көмек сұраған.
Ақпарат алысымен сайрамдық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылды. Полицейлер жасөспірім қыздың таныстары, дос-құрбыларынан жауап алды, жан-жақты сұрастыру жұмыстарын жүргізді.  
Оқи отырыңыз: Дүкенге кетіп, қайта оралмаған: Таразда жоғалған 14 жастағы қыз табылды 
Бір аптаға созылған іздестіру шаралары нәтижесінде жедел уәкіл Тимур Саитов қыздың ізіне түсті. Жасөспірімді Шымкент қаласындағы саябақтардың бірінен тауып, отбасына аман-есен жеткізді.
Қыз бұдан алдын да бірнеше рет үйінен кетіп қалып, полицейлердің көмегімен табылғаны анықталды. Бұл жолы құрбыларымен сөзге келген 17 жастағы қыз Шымкент қаласына бет алған. Сондағы таныстарының үйіне қонып жүрген.
Отбасымен дін аман қауышқан қызбен психологтар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оған қоса оның ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды.