НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Таразда үйден кетіп қалған 14 жастағы жасөпірім қыз табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 34 жастағы жергілікті тұрғыны хабарласып, 14 жастағы қызы хабар-ошарсыз кеткенін жеткізген.
Әйелдің айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірім қыз дүкенге кетіп, қайта оралмаған. Хабарламаны алған полицейлер толық құрамда көрсетілген мекенжайға жол тартты.
Тәртіп сақшылары қыз бара алатын жақын маңдағы аумақтарды аралап, қажетті іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жасөспірім қызды іздеуге еріктілер мен жанашыр тұрғындар қосылды.
Полиция қызметкерлері жоғалған қызды Тараз қаласындағы көшелердің бірінен тапты. Белгілі болғандай, ол анасымен ұрсысып қалған.
Ата-ана қызын аман-есен тапқан полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.