НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан - Sputnik. Ғаламшарды жайлаған энергетикалық және қаржы дағдарысы ресурсы мен еркіндігі жеткілікті мемлекеттердің үстемдігін күшейте түсетін келесі кезеңге аяқ басты, деп жазды РИА Новости.
Американың энергетикалық ақпарат басқармасы хабарлағандай, АҚШ келесі жылдың басында-ақ Австралия мен Катарды артта қалдырып, әлемдегі сұйылтылған табиғи газдың басты экспорттаушысына айналуды көздеп отыр.
Бұл жағдай қарулануға гипердыбысты зымыран және жаңа бунға жататын атомды суасты қайығын қабылдаудан еш кем түспейтіндей ауқымды мәнге ие. Себебіне толығырақ тоқталсақ.
Желтоқсанның ортасындағы мәлімет бойынша, энергия тасымалдағыштар бағасы рекорд жаңартуды доғарды, бірақ шарықтаған деңгейден төмен түсуге де асығар емес. Еуропада жалпы спотты келісімшарт бойынша табиғи газдың мың текше метрінің бағасы 1400 доллар деңгейінде тұр, ал нақты Германияда электр энергиясының бір мегаватт-сағатының құны екі жүз еуро көрсеткішінен асып түсті.
Осындай қысылтаяң кезде Ресей ұсынып отырған ұзақмерзімді келісімшарттардың тиімділігін айшықтай түсуге әбден болар еді. Алайда Еурокомиссия жақын уақытта ұзақмерзімді келісімшарт жасауға тыйым салатыны белгілі болды. Яғни елдер мен мемлекеттік компанияларды осы тектес тауарлық-ақшалай қарым-қатынастан бас тартуға мәжбүрлеп, 2049 жылға қарай оны толығымен тоқтатуды жоспарлап отыр.
Брюсссель мұндай әрекеттің мақсаты 2020 жылдың мәліметі бойынша Еуропа тұтынып отырған табиғи газдың үштен бір бөлігін жеткізіп отырған Ресейге зиян келтіру екенін жасырып отырған жоқ. Бастапқыда спотты келісімшарт идеясы қалың бұқараға бюджет шығынын азайту құралы ретінде насихатталды. Себебі бір реттік келісімшарттар монополиялардың қалыптасуына жол бермей, бағаның арзандауына алып келетін көрінеді.
Сырт қарағанда мұндай оқиғалардың барлығы аяқ асты болғандай көрінеді. Бірақ олай емес. Нарықтағылар бұл саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда ақылға қонымсыз амалдың біраз бұрын қалыптасып жатқанын аңғарды. Сондықтан олар өз жоспарын жаңа, бастапқыда көзге түспейтін қарқынға негіздеп құрды.
Ауғанстаннан кеткеннен кейін АҚШ өзінің әскери ахуалы мәз емес екенін, жаһандық қаржылық, соның ішінде геосаяси мәселенің бағыты өзгеріп жатқанын жақсы түсінді. Өйткені ресурсы жеткілікті мемлекет ғана әлемдік аренада басымдыққа ие болады.
2020 жылы АҚШ сұйылтылған табиғи газдың әлемдегі басты экспорттаушыларының үштігіне енді. Бүгінде жыл басынан бері шетелге сәйкесінше 75,8 және 73,4 миллион тонна сұйытылған газ сатқан Австралия мен Катар ғана алда келе жатыр. Америкалықтарда бұл көрсеткіш 66,5 миллион тонна немесе 91 миллиард текше метр деңгейінде тұр. Бұл да аз емес. Оның үстіне алдағы айларда Америка басқа бәсекелестерді ығыстыруға дайын отыр.
Луизианада қуаты 5,2 миллион тоннаны құрайтын сұйылтылған табиғи газ шығаратын Sabine Pass зауытының алтыншы кезегі пайдалануға берілді. Calcasieu Pass комбинаты да кезекте тұр. Сонымен қатар жақында Федералдық энергетика саласындағы реттеу жөніндегі комиссия (FERC) Техас штатындағы Corpus Christi зауытының өндіріс көлемін арттыруға рұқсат етті. Golden Pass жаңа кәсіпорнының құрылысы басталып, нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.
Көріп отырғанымыздай, америкалықтар бұл мәселеге бар күшін салып отыр. Джо Байден америкалық қаражатты шетелде энергетикалық жаңа кәсіпорын құрылысына жұмсауға тыйым салатын құжатқа қол қойды. Бұл экологияны қорғау мақсатында қабылданған шара деп айтылғанмен, бір қызығы, ол сұйылтылған табиғи газды қабылдауға арналған регазификациялау терминалдарына инвестиция бөлуге тыйым салмайды.
Осы жағдайға қатысты Австралия мен Катар не ойлайтыны әзірше белгісіз. Бірақ екі мемлекет те нарықтағы өз үлесін оңай бере қоймасы анық. Әлемдік конъюнктураның өзгергенін барлығы жақсы түсінді. Таяу Шығыстағы қақтығыстар және Түркиямен арадағы шиеленіс салдарынан сұйылтылған табиғи газ жобалары тұралап қалған Мысыр да нарықтағы "ойынға" қайта кірісуге қамданып жатыр.
Ресей де қарап отырған жоқ. Жақында ғана "Новатэк" компаниясы шетелдік инвесторлармен сомасы жиырма миллиард доллардан асатын келісімшартқа қол қойды.
"Арктик СТГ – 2" бірлескен жобасы Салманов және Штормовое кен орындарынан жеткізілетін табиғи газды сұйылтуға арналған және жиынтық қуаты 19,5 миллион тонна немесе 27 миллиард текше метр болатын зауыт салуды көздейді. Барлық үш өндіріс орны 2025 жылға қарай іске қосылып, Ямалда өндірілетін сұйылтылған табиғи газ көлемін екі есеге арттырады.
Жалпы Автралия мен Катар секілді АҚШ өнеркәсіптік және демографиялық сипатта қарқынды өсіп жатқан Азияны өзінің негізгі нарығы ретінде танып отыр. Ал Ресей спотты келісімшарттарға тыйым салатын, сол себепті үш есе қымбат ақша төлеуге мәжбүр Еуропаға сұйылтылған табиғи газ жеткізеді. Өйткені Ескі Әлемге энергия тасымалдағышты жеткізуге басқа ешкім қалап отырған жоқ.
Сол себепті Еуропа Ресеймен ынтымақтастықтан бас тарта алмайды. Қазіргі ауалды ескерсек, бұл ынтымақтастық тек бір тарап үшін тиімді болатын түрі бар.