Мәдениет

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті – фото

Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан "Япурай" және "Көроғлы" туындыларын ұсынды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен "FORTE-TRIO" ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті. Шетелдік көрермендерді тамсандырған "FORTE-TRIO" мемлекеттік триосының бұл концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық гастрольдер аясында өтті.
Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті.
Қазақстандық әртістер Париж төрінде орналасқан әйгілі Сortot залында өнер көрсетті. Ғасырға жуық тарихы бар, акустикасы ерекше бұл концерттік залды әлемдік классикалық өнердің жарық жұлдыздары ерекше бағалайды. FORTE-TRIO концерті туралы осыдан біраз уақыт бұрын Сortot залының сайтында жарияланған афиша көрермен назарына бірден ілікті.
Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті.
Трионың шеберлігі қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауды асыға күткен көрермендердің көңілінен шықты. Трио әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді.
Ұлттық және әлемдік классикалық репертуардан тұратын концерттік бағдарлама талғампаз шетелдік көрерменді бірден баурап алды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан "Япурай" және "Көроғлы" туындыларын ұсынды. 
Трио Еуразия кеңістігінде орналасқан ұжым ретінде түрлі музыкалық бағыттарды шебер игергенін тағы да дәлелдей түсті. Ыстық ықыласын аямаған тыңдарман әртістерге зор қошемет көрсетіп, бірнеше рет биске шақырды.

Оқи отырыңыз: