НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтың өліміне қатысы бар деген күдікті ұсталды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екінші тұлға куәгер ретінде алынды.
"Күдікті біреу. Тергеу әрқайсының рөлін анықтайтын болады. Cот алдындағы тергеу аясында тексерулер жүріп жатыр", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге полиция оқ ату аңшылық кезінде болған деген нұсқаны ұстанып отыр. Ал инспекциядағылар Серік Мәженовтың аңшылық жасады дегеніне сенбейді.
"Оның аңшылық жасады дегені қисынсыз. Ол броконьерлердің жолын кеспек болған деген ойдамыз. Оның жанында қызметтік қаруы болған", - дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Кадешев.
Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженов көз жұмды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"14 желтоқсан күні сағат 09.30 шамасында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында елді мекеннен 10-12 шақырым жерде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мәженов Серік Сағындықұлы қаруды абайсыз пайдалану салдарынан көз жұмды", – деп хабарлады министрлік.
Серік Мәженовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат желіде пайда болған еді. Ондағы мәлімет бойынша Серік Мәженов браконьерлердің қолынан қайтыс болған.