НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Алматы мен Ақтау арасында тальго пойызы жүретін болды, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Пойыздың жалпы жолдағы уақыт 41 сағат 49 минутты құрайды. Пойыз екі құрамнан жасақталған және жұп күндері жүреді. Олардың әрқайсысында 324 орындық "Турист" санатындағы вагондар, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған.
Пойызда жолаушылар мультимедиялық ресурсты ішкі желі арқылы пайдалана алады. Әуе тасымалдаушыларындағы сияқты олар өздерінің жеке құрылғыларының (ұялы телефондар, портативті компьютерлер) көмегімен сервердегі ойын-сауық бағдарламаларын, фильмдерді көре алады.
Бұл бағыт 12 желтоқсаннан бастап жолаушылар пойыздары қозғалысының жаңа кестесі аясында енгізілді. Кесте бойынша Қазақстанда 118 жұп пойыз жүретін болады. Оның 95-і "Жолаушылар тасымалы"АҚ-на, ал қалған 23-і жеке тасымалдаушыларға тиесілі.
Сонымен қатар "Маңғыстау – Нұр-Сұлтан-Нұрлы Жол" пойызының жол жүру маршруты Семей станциясына дейін ұзартылды. Енді бұл пойыз "Маңғыстау – Семей" деп аталады, ал оның ұзындығы 3233 км. Бір бағыттағы жол жүру уақыты - 62 сағат 21 минут. Пойыз жұп күндері жүреді.