ТАЛДЫҚОРҒАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында екі апта бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 51 жастағы Қытай азаматының мәйіті табылды.
Әлеуметтік желіде 11 желтоқсанда Қапшағайда "Заря" саяжай алабы маңынан іздеу салынған шетелдіктің мәйіті табылғаны туралы ақпарат жарияланды. Жазбада мәйітті LIDER.KZ еріктілер ұйымының іздеу топтары демалыс орындарының бірінің аумағынан тапқаны айтылған.
Полиция тараған ақпаратты растады. Марқұмның денесін туыстары мен достары таныған. Ведомстводағылар сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 51 жастағы ер адам суға батып кетіп, тұншығып өлгенін хабарлады.
"Оның денесінен қандай да бір зорлық-зомбылық белгілері табылмады. Бірақ қажетті тексерістер жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша өлімнің барлық мән-жайы анықталады", - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайтыс болған 51 жастағы Ван Ганг Алматының Медеу ауданында уақытша тұрған. Орыс тілін меңгерген, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізумен айналысқан.