НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Кеңес одағының қалай құлағанын еске алды.
Елбасының айтуынша, КСРО қуатты одақ болғанына қарамастан, оның ыдырайтыны әу баста-ақ белгілі еді.
"Меніңше, мұның себебі көп – социалистік экономика, әкімшілік, тоталитарлық жүйе өз ресурсын құртты. Экономикалық блок басшылығы проблеманы дер кезінде аңғарып, экономиканы басқаруға өзгеріс енгізуі керек еді. Бірақ бұл жасалған жоқ. Барлық жиналған ресурс біртіндеп сарқылды, біз, ең алдымен, экономиканың күйреуіне жақындадық", - деді Назарбаев.
Оның пікірінше, басты себептердің бірі – сол кездегі басшылықтың ерік-жігерінің әлсіздігі.
"Билікке келіп, қайта құру мен демократияландыру жариялаған жаңа басшылықтың ерік-жігері әлсіз болды. Маған өзім бірге істеген адамдарды сынау қиын. Мен тіпті олардың серіктесі болдым. Бірақ мықты ерік-жігерсіз елді басқару қиын екені анық. Кеңес одағында мұндай өзгерістерді дисциплина, тәртіп, табанды басшылықпен өткізу қажет еді. Міне, осындай бірнеше себепті атар едім",- деп мәлімдеді Елбасы.
Назарбаев 1990 жылы РКФСР егемендік жариялағанын, басқа елдер мұны өз тәуелсіздігін жариялауға болады деген "сигнал" ретінде қабылдағанын еске алды.