Тығырыққа тірелген ДАИШ* содырлары әйел, бала-шағасымен Сирияның Дэйр-эз-Зор провинциясындағы Багуз қаласында жиналды. Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған адам бар. Батыс авиациясының қолдауымен күрд жасағының шабуылы өршіп, екпіні күшейе түсті .
Осы шақта кеше ғана "жиһадқа" шақырып жүрген "Халифат" серкелері, негізінен, арабтар басқаруындағы мыңдаған адамды өлімге тастап, бас сауғалап қашып кетті. Сол құрбандардың ішінде бірнеше жыл бұрын "Бүкіләлемдік Ислам Халифатын" құру идеясымен уланып Сирияға қарай жол тартқан жүздеген қазақстандық азамат та бар.
Олар тірі қалу үшін гуманитарлық дәліздермен өтіп, күрдтерге беріліп жатты. Содырлар, әйелдер мен балалар. Олардың барлығы күрдтер асығыс тұрғызған түрмелер мен қашқындарға арналған лагерьлерге орналастырылды. Дәл сол кезде бүгінде әлемге әйгілі "Әл-Холь" немесе "Родж лагері" деген атаулар пайда болды.
Лагерьлердегі жағдай жантүршігерлік: аштық, антисанитария, түрлі ауру. Өлім деңгейі өте жоғары, әсіресе, жас балалар арасында өлім-жітім көп.
2018 жылдың көктемінде тұтқындағы әйелдер алғаш рет Қазақстандағы туыстарымен, кейіннен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен байланысқа шықты. Олар өздерін Отанға алып кетуді сұрап, қателікті түсініп, өз іс-әрекеті үшін кез келген жауапкершілікті көтеруге дайын екенін айтты. Елбасы атына, үкіметке, Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығына көмек сұраған өтініштер саны арта түсті.
Содырлар жазасын алатынына күмән болмады. Бірақ өзге елдегі балалар мен әйелдердің жайы алаңдатты. Олар қатаң жазалануы тиіс террорист пе, әлде оңалту мен қоғамға қайтаруды қажет ететін құрбан ба? Кей скептиктер репатриация экстремистік әлеуеттің Қазақстанға ығысуына алып келеді деген пікірді ұстанды.
2018 жылдың ортасынан бастап кең ауқымды дайындық, ұйымдастырушылық және жедел жұмыстар қолға алынып, жыл соңына қарай бұл операция жүзеге асырыла бастады.
Операцияның белсенді кезеңі 2019 жылдың 6 қаңтарында басталды. Ақтау қаласындағы әуежайдан Қорғаныс министрлігінің С-295 алғашқы үш әскери ұшағы ұшып шығып, кері қарай қолға түскен содырлар, қазақстандық әйелдер және балалармен оралды.
Қазақстанға барлығы 607 азамат жеткізілді. Бұл – 37 ер адам, 157 әйел және 413 бала еді және соның ішінде 34 жетім бала еді.
Ақтау қаласының маңында, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан "Фламинго" балалар лагерінің базасында Сириядан келген әйелдер мен балаларды оңалтуға арналған орталық ашылды. Ол жерде Қазақстанға қайта оралғандар отыз күн бойы бейбіт өмірге бейімдеуден өтті.
Толығырақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған суреттерден көре аласыз.
* – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым.