НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жаңадан сайланған федералдық канцлері Олаф Шольцке жеделхат жолдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың және жеке өзінің атынан Олаф Шольцті Германия Федеративтік Республикасының федералдық канцлері қызметіне кірісуімен шын жүректен құттықтады.
"Бұл тарихи оқиға – халқыңыздың сізге және өзіңіз басқарып отырған коалицияға еліңіздің саяси-экономикалық өркендеуін жалғастыруға, сондай-ақ оның халықаралық деңгейдегі ұлттық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоспарларыңызға артқан сенімінің айқын дәлелі. Осы тұста сіздің қажырлы еңбегіңіз Отаныңызды бүгінгіден де биік белестер мен жаңа табыстарға жетелей беруіне тілектестігімді білдіремін", – делінген құттықтау хатта.
Мемлекет басшысы Германияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктесі деп санайтынын және екі ел арасындағы қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өткен.
"Қазақ-герман және Орталық Азия – Еуропалық Одақ форматтарындағы сан қырлы ықпалдастығымыздың мазмұнын одан әрі байыту мақсатында сізбен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенімді растаймын. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, өзара ыңғайлы уақытта сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын", – деп жазылған президенттің жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцтің игі бастамаларына сәттілік, отбасына баянды бақыт, ал достас герман халқына мол ырыс пен құт-береке тілеген.
Оқи отырыңыз: