НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Алматыда "Kcell Solutions" ЖШС бұрынғы қаржы директорына жалған құжаттар арқылы 450 миллион теңге ұрлады деген айып тағылды.
Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратынша, "Kcell Solutions" ЖШС бұрынғы қаржы директоры жалған құжаттарды пайдалану арқылы "Кселл" АҚ-ның 450 миллион теңгесін жымқырған.
Тергеу кезінде анықталғандай, экс-директор 2018 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың сәуірі аралығында бес компанияның есепшотына аудару арқылы 258 миллион теңге жымқырған. Күдікті олармен "Kcell Solutions" ЖШС-ға қызмет көрсету туралы жалған келісімшарт бекіткен. Сондай-ақ өз атына заңсыз 192 миллион теңге аванс аударған.
"Осылайша ол меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасап, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының құрамына, яғни бақылаушы акцияларының 51%-і "Қазақтелеком" АҚ-ға тиесілі "Кселл" АҚ-ға аса ірі мөлшерде залал келтірген", - делінген хабарламада.
Күдікті жымқырған ақшаны букмекерлік кеңселерде ұтылып қалған.
Қазір ер адам қамауда отыр. Тергеу жалғасып жатыр.