АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Жастардың баспана алуына мүмкіндік беретін "Алматы жастары" бағдарламасы 2022 жылы да жалғасады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматы жастары" бағдарламасын бастаған кезде бір жылда тоқтатамыз деп жоспарлаған жоқпыз. 14 миллиард теңгеден бастадық: біз 10 миллиард теңге бердік, "Отбасы банк" 4 миллиард теңге берді. Биыл баға қымбаттағаннан кейін оны 18 миллиардқа көтердік: 14 миллиард теңге әкімшілік және 4 миллиард теңгені "Отбасы банк" берді", - деді қала әкімі.
Қала әкімі бағдарламаның тиімді тұсы ретінде жастарға пәтерді қаланың кез келген жерінен алу мүмкіндігі берілгенін атап өтті.
"Былтыр жастар 1000 пәтер алды, оның ішінде 300 мұғалім, 300 дәрігер, спортшылар, журналистер мен ғылым, мәдениет саласының қызметкерлері бар. Биыл да 1000 адам баспаналы болды. Келесі жылы да бұл бағдарлама жалғасын табады, өте үлкен сұранысқа ие", - деді Алматы әкімі.
"Алматы жастары" бағдарламасы
Бағдарламаға қатысушылардың жасы 35-тен аспауға тиіс, бағдарламаға өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үй болмауы керек.
Қатысушының Алматы қаласындағы ресми жұмыс өтілі келесідей мамандықтарда — денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары, бұқаралық ақпарат құралдары және құқық қорғау органдары сияқты санаттарда кемінде соңғы 6 айды құрауы керек.