Өңірлер

Алматының денсаулық сақтау саласы "омикрон" штамына дайын ба

Әкімнің сөзінше, қазір денсаулық сақтау объектілерін жабдықтау көрсеткіші 91,5%-ті құрайды
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирустың "омикрон" штамына қаланың денсаулық сақтау бойынша инфрақұрылымы дайын екенін айтты. Бұл туралы мегаполис әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аурудың шарықтау шегінде қалада науқастарға арнап 10 мың төсек-орын дайындадық. Қазір оның саны мыңның үстінде, ол жерде 204 науқас жатыр. Яғни, күнделікі өсім 0,2%. (...) "Омикрон" штамының әсері қандай болатыны белгісіз, кей ел соған байланысты локдаун жариялап жатыр. Алматыда 20-дан ПТР зертханасы жұмыс істейді, соның ішінде негізгі 5 зертханадан шыққан анализді ұлттық орталыққа және Оңтүстік Кореядан келіп қаламызда жұмыс істеп жатқан әріптестерімізбен бірлескен зертханаға күнделікті жіберіп отырмыз. Қазірге дейін "омикрон" штамы шыққан жоқ", - деді Сағынтаев.
Оның сөзінше, былтырдан бері Алматыда денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар атқарылды. Дәрігерлердің де тәжірибесі молайды.
"Емдеу алгоритмі бар. Қажетті қорғаныш заттары жеткілікті, дәрі-дәрмек бар. Қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Егер елімізге қазіргі шектеулерге қарамастан "омикрон" штамы келер болса, Алматының денсаулық сақтау бойынша инфрақұрылымы қиындыққа апармай, халықты аман-есен сақтап қалуға дайын", - деді Сағынтаев.
Әкімнің сөзінше, қазір денсаулық сақтау объектілерін жабдықтау көрсеткіші 91,5%-ті құрайды. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері 100% жабдықталған.

Оқи отырыңыз: