АЛМАТЫ, 8 желтоқсан – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы таңғы және кешкі уақыттағы кептелісті жою мақсатында атқарылып жатқан істерді баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматыда кептеліс қалай пайда болатынын қарасақ, күн сайын қалаға Қаскелең мен Талғар жақтан 250-270 мың көлік келеді. Содан таңертең, кешке кептеліс басталады. Осыған байланысты 2019 жылы мемлекет басшысына "Қазақстан темір жолына" тапсырма беріп, осы жолға электричка қосу мәселесін қарастыруды ұсындым. Президент тапсырма берді, ҚТЖ белсенді жұмыс істей бастады. Бізбен бірге жұмыс істеп жүріп "ақысын кім төлейді?" деп сұрады. Олар қаржы жоқ екенін айтты, біз де ақша жоқ дедік. Осылайша олар жай ғана шетке ығысты", - дейді Бақытжан Сағынтаев.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қала экологиясын жақсарту жолдарын атады
Алайда қала әкімдігі жеке инвестор іздеп тапқан. Инвестор Талғардан "Халық аренаға" дейін электричка қосу идеясына қызыққан.
"Талқылау барысында электричканы Талғардан "Алматы - 2" вокзалына дейін созу туралы ұсыныс айттық. Егер олар тар табанды теміржол жасаса, ҚТЖ жолына түсіп, "Алматы - 1" вокзалына дейін жетуге болады. Олар келісті. Содан Төле би көшесі бойынан ЖЭО-ға дейінгі LRT жолымен бұл жобаны байланыстыру идеясын ұсындық. Олардың сарапшылары ұзақ ақылдасып, бұл бастамаға қызығатындарын жеткізді. Талғар арқылы "Алматы - 2" вокзалымен Төле би арқылы Момышұлы көшесіне шығып, ЖЭО-2-ге жету жобасын мемлекет басшысының Алматыға кейінгі сапары кезінде таныстырдық. Мемлекет басшысы мақұлдап, үкіметке тиісті тапсырма берді", - деді қала әкімі.
Әкім мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізіндегі жобаны іске асыруға әкімдіктің шамасы келмейтінін айтып, оған министрлік бастамашы болуын ұсынған.
Метро Алтын Орда базарына дейін созылады
Қала әкімі Алтын Орда базары маңындағы кептелесті жою мәселесін де көтерді.
"Алтын Орда базарында не болып жатқанын бәрі біледі. Қаланың сыртында радиусы 50 шақырым жерді біз қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Қаскелеңнен қалаға жұмысқа келетіндер біздің автобусқа отырады, ал екінші аялдамада қала тұрғындары сол автобустарға сыймай қалады", - дейді әкім.
Сарыарқа және Момышұлы метро станциялары биылғы жылдың соңында тексеріледі.
"Ол ескі сызба бойынша жеке сектор аймағынан өтіп, №7 қалалық аурухана маңына тоқтайтын. Ал Наурызбай ауданы әрі қарай дамып жатыр. Сонда біз метроны бір жаққа салып, адамдар басқа жаққа қоныстанып жатыр. Ертең тағы да кептеліс басталады", - дейді қала әкімі.
Айтуынша, осы мәселені мемлекет басшысына айтып, метро жолын өзгерту ұсынылды. Соған сәйкес, метроның соңғы нүктесі Алтын Орда базарында болады. Бұл Қаскелең жақтан басталатын кептелісті жоюға көмектеседі.
100 шақырымнан астам жаңа жол салынып жатыр
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биыл Алматының 274 көшесінде 64,9 шақырым жаңа жол салынды, жыл соңына қарай 415 көшеде 108 шақырым жол салынады. Жалпы ұзындығы 80 шақырымға жеткен 7 шақырым веложол салу жұмыстары аяқталды.
Жолайрықтарын салу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрық бойымен көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Жыл соңында Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінен Алатау көшесіне дейін қозғалыс ашу жоспарланған. Қазір Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Барлық құрылыс-монтаж жұмысын толық аяқтау, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Ал Сарыарқа және Момышұлы станциялары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.