Қоғам

Қағаз ақша жыртылса не істеу керек

Ұлттық банктің филиалдары бүлінген банкнотты сараптамадан тегін өткізеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық банкі ұлттық валютадағы бүлінген банкноттарды қалай айырбастауға болатынын түсіндірді.
Ұлттық банк жыл басынан бері жарамдылығы күмән тудыратын 3 079 банкнот пен монетаны қабылдаған. Олардың көбі жыртылған, күйген, ескірген, жуылып кеткен. Соның ішінде 2 542 банкнот айырбасталды.
"Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдарына сараптамадан өткізу үшін әртүрлі банкноттар түсіп жатады. Олар: тозған, күйген, жыртылған ақшалар. Бұл банкноттардың барлығы фрагменттері бойынша қайта құрастырылып, қалпына келтіріледі", - деді ҰБ банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиев.
Егер банкноттың 50%-тен көп бөлігі жақсы сақталса, оны Ұлттық банктің филиалдарына жарамдылығы жағынан күмәнді банкнот ретінде сараптамаға тапсырып, шын ақша екенін тексертуге болады.
Ол үшін банкноттың қалған бөлігін ұқыптап жинау керек. Қандай жағдай болмасын, банкнотты бүлінген дүниенің ішінен, әмияннан, басқа да ыдыстан алмаған дұрыс. Әйтпесе банкнот одан бетер жыртылып, оның шын ақша екенін анықтау қиынға түседі. Бүлінген ақшаны жұмсақ затқа орап, үлкендеу қорапқа салып алу керек. Осыдан кейін оны сараптамадан өткізу үшін Ұлттық банктің аумақтық филиалына өткізесіз, деп түсіндірді Ұлттық банк.  
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың суреті басылған 20 мың теңгелік банкнот шығады
Тексеруге болатын, біраз бөлігі сақталған банкноттар жаңа ақшаға айырбасталады. Алайда, оны тексеру біраз уақыт алуы мүмкін. Ең бастысы, сараптама тегін жасалады.
Ал егер банкнот көлемінің кемінде 70%-і сақталса және оның номиналын көрсететін (жазбаша және сан түріндегі) сандар қатты бүлінбесе (егер банкноттың шын ақша екенін растауға кедергі болмаса), ескіргеніне қарамастан, ол төлемге жарамды ақшаға айырбасталады. Ондай банкноттарды екінші деңгейлі банктерде, ҚҰБ филиалдарына немесе "Қазпоштада" айырбастауға мүмкіндік бар.
Бұл ретте екінші деңгейлі банктер ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес, қызмет көрсеткені үшін комиссиялық төлем алуға құқылы, деп ескертті ҰБ.
Аумақтық филиалдардың мекенжайы мен байланыс нөмірі Ұлттық банктің сайтында көрсетілген.