НҰР-СҰЛТАН, 6 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбеде сот ақша бопсалаған полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды.
Сот ісінен белгілі болғандай, полиция қызметкері екі әріптесін ертіп Ақтөбе қаласының тұрғынын жанар-жағар май станциясына, кейін қала сыртындағы үйге шақыртып алған. Ол жерде жәбірленушіні бірнеше күн ұстап, ақша мен Audi маркалы көлікті беруді талап еткен.
Ер адамды тек көлікке сенімхат жазып бергеннен кейін босатқан. Сенімхат бопсалаушының бірінің әкесінің атына жазылды. Соттың айыптау парағында полиция қызметкерлері оған 9 млн теңге көлемінде залал келтіргені айтылған.
Сотта полиция қызметкері жәбірленушіден ақша бопсаламағанын, тек өзінің ақшасын қайтарғысы келгенін айтты. Оның сөзінше, ол "Выгодный займ" қаржы пирамидасына бір миллион теңгеден астам ақша салған. Салымын басқа адамның атына тіркеген. Ал ұйым банкротқа ұшырағанда иесін тауып, өз қаражатын қайтармақ болған.
Полиция қызметкері өзінің әрекетін бопсалау емес, өз бетімен шара қолдану деп атады. Оның айтуынша, ол жәбірленушіге моральдік қысым жасап, мәжбүрлеген жоқ.
Алайда сот ақпаратына сәйкес, не оның өзі, не екі әріптесі қаржы пирамидасынан зардап шеккендер тізімінде жоқ. Аталған қаржы пирамидасында да есепшоттары анықталмады.
Нәтижесінде полиция қызметкері жеті жылға, екі әріптесі алты жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға "Заңсыз бас бостандығына айыру" бабы бойынша да айып тағылған болатын. Алайда жәбірленуші оларды кешіргендіктен іс тоқтады.
Жәбірленушінің өзі "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ" қаржы пирамидаларының ісі бойынша сотталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпанда Қазақстанның бірнеше қаласының тұрғындары "Гарант 24" пен "Estate Ломбард" офистерінің алдында шу шығарып, ақшаларын қайтаруды талап еткен.