НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Мұнай он долларға арзандады: бұл екі айдағы ең төмен көрсеткіш. Қара алтынның бағасы төмендеуіне коронавирустың жаңа штамы әсер етті, деп жазды РИА Новости.
Егер коронавирустың Оңтүстік Африка республикасында анықталған жаңа штамы әлдеқайда қауіпті екені тіркелсе, онда әлем қайтадан карантин шектеулерін қатаңдатуға мәжбүр болады. Соның салдарынан сәйкесінше энергия тасымалдағыштарға деген сұраныс та бәсеңдейді.
Қор нарығында дүрбелең: инвесторлар ірі компаниялардың бағалы қағаздарын жаппай сатып жатыр. Алдағы уақытта ОПЕК+ кездесуі өтеді. Эспорттаушылар мұнай өндірісін реттеу қажет пе, жоқ па, осы мәселені қарастыратын болады.
Қарашаның ортасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 82 доллардан сатылды. Алайда бұған негізгі тұтынушылардың көңілі толмады. Қаңтардан бастап АҚШ-та бір литр бензин 0,62-ден 0,83 долларға дейін қымбаттап, жеті жылдық рекордты жаңартты. Америкалықтар барлығына ОПЕК+ кінәлі деп мәлімдеді. Қазір картель ай сайын тәуліктік өндіру көлемін 400 мың баррельге ұлғайтып, өткен жылғы қысқарудан кейінгі қалыпқа біртінде қайта оралып жатыр.
Вашингтон бағаны бәсеңдету үшін стратегиялық мұнай резервтерін басып шығарды. Америкалықтар Қытай, Жапония, Үндістан мен Оңтүстік Кореядан интервенция жүргізіп, мұнай қорының бір бөлігін сатуды сұрады. Нарыққа түсуі мүмкін артық 70 миллион баррель туралы жаңалық Brent мұнайын 80 деңгейінен төмен түсірді.
Ал "омирконның" барлығының зәресін алғаны соншалық, 26 қарашадан бері Brent 72 долларға бағаланып отыр. Бұл 2020 жылдың сәуірінен бері ең ірі бір күндік құлдырау болды.
Қордағы жағдай да мәз емес. АҚШ-та Dow Jones 2,53, S&P — 2,27, Nasdaq Composite — 2,23 процентті жоғалтты. Мәскеу биржасындағы индекс 3,5-ке төмендедів
Дүйсенбіде баға көрсеткіші біршама реттелгенмен, сейсенбіде солтүстік теңіз мұнайының құны қайта құлдырады. 30 қарашадағы сауда сессиясының минимумында 2022 жылдың ақпанындағы жеткізулерге арналған келісімшарттар бір баррель үшін 70,62 долларға дейін арзандап, 3,8 проценттен айырылып қалды.
Күні кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "омикронның" инфекция тарату қаупі жоғары болып отырғанын және коронавирустан жазылғандар үшін де қауіп бар екенін мәлімдеді. Алайда ұйым әзірше жаңа штамм туралы нақты дерек жоқ екенін мойындады. Moderna бас директоры Стефан Бансель қазір қолда бар вакциналар вирустың жаңа түріне қатысты соншалық тиімді болуы екіталай екенін айтты.
Израиль мен Сингапур Африканың кейбір мемлекеттерімен әуе қатынасын шектеді. Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция және Нидерланды мамандар кезекті мутанттың қасиеттерін нақты анықтамайынша құрлықтағы алты елге ұшудан бас тартты. Шекаралардың жабылуы, логистикалық іркілістер – мұның бәрі жаһандық экономиканың қалпына келуінің күрт баяулауына алып келеді. Сәйкесінше энергия тасымалдағыштарға деген сұраныс та төмендейді.
Нарықта ықтимал ең нашар сценарий жүзеге асып жатыр. Қордағы мұнайды сату және өндіріс өсімі бағаның қайтадан төмендеуіне алып келеді, дейді "Синара" инвестициялық банкінің талдау департаментінің директоры Кирилл Таченников.
ОПЕК+ қандай шешім қабылдайтынын қазір дөп басып айту қиын. Қазіргі жоспар бойынша қаңтардан бастап өндіріс көлемі біртіндеп ұлғайтылуы керек. Сауд Арабиясының энергетика министрі Әбдел Азиз бен Салман әл Сауд омикрон-штамның энергетика нарығына әсерінее қатысты алаңдамайтынын жеткізді. Алайда ол картель жоспары туралы тіс жармады.
Ресейлік вице-премьер Александр Новактың айтуынша, Мәскеу шұғыл шара қабылдау қажеттілігі жоқ деп санайды. Ал альянс бойынша серіктестер Ресеймен кеңескен жоқ.
"Мұнайшылар АҚШ пен оның одақтастарының стратегиялық резервтерінің ашылуы арқылы нарыққа түсетін қысымға көбірек алаңдады. Жаңа штамм алдағы отырыс кезінде ұстанымдарды қайта қарауға мәжбүрлейтіні белгілі", - деді "Бірыңғай брокер" компаниясының директоры Артем Арзамасцев.
"Егер 2 желтоқсанда ОПЕК+ кездесуінде жоспар өзгерсе, мұнай бағасы 80 доллардан қайта қымбаттауы мүмкін. Алайда АҚШ-та резервтерді босату жалғаса беретін секілді: алда конгреске сайлау бар, сондықтан демократтарға бензин бағасын төмендетіп, қоғамды дүрліктірмеуге тырысу керек", - дейді Borsell аналитикалық компаниясының вице-президенті Ольга Веретенникова.
Аналитиктердің пікірінше, ОПЕК+ мейлінше асықпай әрекет етеді: мысалы, өндіріс көлемін арттыруды екі есе қысқартады немесе оны белгісіз мерзімге дейін тоқтатады. Егер жаңа штамды қауіпсіз деп таныса, айтарлықтай өзгеріс болмайды.
Бірақ осының барлығы ресейлік рубльге тұрақтылық әкелмей отыр. Жұмадағы құлдырау кезінде Ресей валютасы доллар мен еуроға қатысты бағам бойынша 75,92 және 85,69 деңгейіне дейін арзандады.
Қаржы маманы, CARF қорының басқарушы директоры Андрей Сырчинның айтуынша, мұнайшылар әзірше жағдайды бақылаумен шектеледі. "Барлығы әлемдік экономика 80 доллардан жоғары баға көрсеткішіне төтеп бере алмайды деп қорқып отыр", - дейді ол.
The Wall Street Journal жазғандай, ОПЕК+ картелінде негізгі импорттаушылардың әрекеті салдарынан мұнай саясатын өзгерту мәселесі де қарастырылады. Басылым картельдегі ақпарат көзіне сілтеме жасап, Сауд Арабиясы мен Ресей "бағаның төмендеуіне жол бермес үшін мұнай өндірісін жоспарлы ұлғайтуды ұжымды түрде тоқтатуға баруы мүмкін" екенін жазды.