Экономика

Мұнай қымбаттады: Теңге неліктен нығаймай жатыр

© Sputnik / Тимур БатыршинДоллары и тенге
Доллары и тенге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2021
Жазылу
Шетел валютасына сұраныстың артуы мұнай бағасының жоғарылағанына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік бермей отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Маусымның басынан бері мұнай бағасы айтарлықтай өскеніне қарамастан, теңге бір доллар үшін 425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Теңгенің неліктен нығаймай жатқанын және әлемдік нарықтардағы оқиғалар бағамға қалай әсер ететінін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет 75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель үшін 75 доллар белгісінен асып түсті. Қоймалардағы қордың төмендеуіне және шектеулерді біртіндеп алып тастауға байланысты жазда сұраныс ұлғаяды деп күткен инвесторлардың үміті мұнай бағасының өсуіне себепші болып отыр.

"Дегенмен бірқатар ішкі фактор теңгеге тежеуші әсерін беріп отыр. Біріншіден, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде "тыныш аймақта" болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады", - дейді Молдабекова.

Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан қор биржасында сауда-саттық көлемінің ұлғаюы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып отыр.

Төраға орынбасарының айтуынша, егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 миллион АҚШ долларына дейін өскен.

"2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорттың өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ті құрады және тұтынушылық азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты мен өндіріс құралдарының есебінен 11,4 миллиард долларға жетті", дейді Әлия Молдабекова.  

Оның айтуынша, барлық импорттық тауарлардың шамамен 40%-і Ресейден әкелінеді және бұл үрдіс күшейіп келеді. 2020 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауарлар Ресейден 16%-ке көп импортталды. Ресейден импортталатын тауарлар бағасының өсуі және біздің бизнестің болжамдары сатып алу көлемінің ұлғаюына әсер етеді.

Екіншіден, маусымдық өзгерістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирус одан әрі таралып жатқанын және шектеу шаралары алынбағанын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныстың өсуі онша маңызды емес, бірақ әлі де болса өсім сақталып отыр.

Сонымен қатар маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни, бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін акционерлердің дивидендтерін валютаға конвертациялайды.

"Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұраныс артады. Үшіншіден, валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен қолдау табуда.Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз", - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді.

Әлия Молдабекова қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғарылағанына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік бермей отырғанын атап өтті.

Жаңалықтар
0