Қоғам

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді

Қыстың алғашқы айында ел аумағына кіретін жолаушылар үшін бірқатар шектеу енгізіліп, кей жүргізушілерге айыппұл салынады. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Желтоқсан айында қазақстандықтарды жаңа өзгерістер күтіп тұр. Шет елдерден келген жолаушылар үй карантиніне оқшауланса, Египетпен әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. Ал жазғы доңғалақты ауыстырмаған көлік иелері айыппұл арқалайды. Sputnik Қазақстан осы және өзге де жаңашылдықтарға шолу жасады.

Қазақстанға кіруге шектеу

Қазақстан 3 желтоқсаннан бастап ел аумағына кіретін жолаушылар үшін жаңа шектеу шараларын енгізеді. Карантинді қатаңдатуға Оңтүстік Африкадан табылған "омикрон" штамы себеп болып отыр. Ғалымдардың айтуынша, коронавирустың бұл түрі "дельта" штамға қарағанда қауіптірек.

Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия "омикронның" ел аумағында таралуына жол бермеу үшін шетелдіктердің елге кіруін шектейді. Әзірге бұл тыйым 11 елдің азаматтарына қатысты. Олар: Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Оңтүстік Африка, Танзания және Гонконг.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың жаңа штамы шықты – "омикронның" негізгі белгілері қандай

Сондай-ақ "омикрон" штамы табылған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Египет) келетін адамдар вакцина алған-алмағанына қарамастан міндетті түрде ПТР-тест тапсырады.

Бұдан бөлек, "омикрон" штамы тіркелген елдерден келген адамдар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан жеті күнге үй карантиніне оқшауланады.

Египетке рейстер тоқтайды

"Омикрон" штамының таралуына байланысты 3 желтоқсаннан Қазақстан Египетпен әуе қатынасын уақытша тоқтатады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, Бельгияда Египеттен келген адамнан "омикрон" штамы табылған. Оның үстіне Қазақстанға Египеттен келетін жолаушылар саны көп. Қараша айында  жолаушылар ағыны 13 мың адамнан асқан. Осының барлығын ескеріп, ведомствоаралық комиссия Египетпен әуе қатынасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Жазғы доңғалақ үшін айыппұл салынады

Қазақстанда 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін жүргізушілерге жазғы доңғалақпен жүргені үшін айыппұл салынады. Жазғы доңғалақпен жүруді шектейтін тыйым елімізде бұрынннан бар.

Жазғы доңғалақпен жүргендерге 5 АЕК айыппұл салынады: Биыл бұл сома 14 585 теңгеге тең, ал 2022 жылы 15 315 теңге болады.

Айта кетері, полицейлер көлігінің доңғалағын ауыстырмағандарға тек қыстың үш айында айыппұл сала алады, қалған уақытта тек ескертумен шектеледі. Айыппұлдан бөлек, мұндай көліктің иесі доңғалақты ауыстырғанға дейін мемлекеттік нөмірінен айырылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер нені білуге тиіс

Қазақстанда сыртында тау шыңының, ал ішінде қар түйіршіктерінің белгісі бар және "М+S", "M&S", "M S" белгілерімен таңбаланған шиналар "жарамды" қысқы шина болып есептеледі.

Оқушылардың қысқы каникулы

Желтоқсан айының соңында мектеп оқушылары қысқы демалысқа шығады. Каникул 11 күнге созылады – 30 желтоқсаннан 9 қаңтарға дейін.

10 қаңтарда үшінші тоқсан басталады.

Каникул күндерінің кестесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстандықтар тағы қай елдерге ұша алады

1 желтоқсаннан бастап Алматы мен Эль-Кувейт арасында тұрақты рейстер ашылады. Рейстерді Кувейттің Jazeera Airways компаниясы сәрсенбі және жексенбі күндері орындайды.

3 желтоқсаннан Шри-Ланкаға тікелей тұрақты рейстер басталады. Airbus A321 LR ұшақтары Алматыдан Коломбоға дейін ұшады. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма сайын орындалады.

Эконом санатта билет құны барып-келу 220 мың теңгеден басталады.

Ал 16 желтоқсанда қазақстандық Air Astana компаниясы Алматы мен Үндістанның Дели қаласына тұрақты әуе қатынасын жандандырады.

Airbus A320 ұшақтары аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі сайын ұшады. Эконом санатта билет бағасы барып-қайту 234 755 теңгеден, бизнес санатта 453 419 теңгеден басталады.

Сондай-ақ 1 желтоқсаннан бастап Ресейдің бірнеше қаласы Қазақстанмен тұрақты әуе қатынасын жандандырады.

Жолаушылар Жуковский қаласынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентке ұша алады. Рейстер аптасына үш рет орындалады.

Бұған қоса, мына қалалардан аптасына бір рет рейс жасауға рұқсат берілді:

  • Краснодардан – Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырауға;
  • Орынбордан – Нұр-Сұлтан, Алматыға;
  • Сочиден – Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырауға;
  • Красноярсктен – Нұр-Сұлтанға;
  • Мәскеуден – Ақтөбе мен Өскеменге;
  • Санкт-Петербордан – Ақтөбе, Петропавл, Ақтау, Атырау мен Алматыға;
  • Қазаннан Ақтөбеге;
  • Кавказдың Минеральные Воды қаласынан – Нұр-Сұлтан, Алматыға;
  • Ростов-на-Донудан – Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағандыға;
  • Екатеринбургтен – Нұр-Сұлтан, Ақтау және Алматыға;
  • Омбыдан – Алматыға;
  • Уфадан – Алматыға.

Цифрлық телевизия

Қарағанды облысы 30 қарашадан, ал Нұр-Сұлтан қаласы 1 желтоқсаннан бастап толығымен цифрлық телевизияға көшеді.

Қазақстанда цифрлық эфирлік телевизияға кезең-кезеңмен көшу жобасы 2018 жылы басталды. Бүгінде Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында ескірген телехабар тарату жүйесі толығымен өшірілді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа телеарна ашылды

Цифрлық телевизияға көшкен соң, телеарналар саны көбейеді. Сонымен қатар, цифрлық телевизияда сурет пен дыбыстың сапасы жоғары болады. "Аналогтан" айырмашылығы кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды әрі цифрлық телевизия мүлдем тегін.

Цифрлық телевизияға DVB-T2 сандық тарату стандарты бар теледидарды қосуға болады. Ол үшін тек дециметрлік антенна қажет. Егер теледидарда DVB-T2 стандарты ұстамаса, онда цифрлық сигнал қабылдағышын сатып алу керек.