ҚЫЗЫЛОРДА, 29 қараша – Sputnik. Қызылордада "Daewoo Nexia" автокөлігі Сырдарияға түсіп кетті. Жүргізушінің жанында тағы бір адам болған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға Қызылорда қаласында болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне түнгі сағат 03:54 шамасында "Daewoo Nexia" автокөлігі Сырдарияға түсіп кеткені туралы хабарлама түскен.
Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары көлікте екі адам болғанын, біреуі судан жүзіп шыққанын жеткізді.
"Көліктің ішінде екі адам болған. Оның біреуі – 1994 жылғы азамат өз күшімен жағаға шыққан. Сол жастағы тағы бір азамат көліктің ішінде қалып қойған. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағынан 1 техника мен 5 адам барды", – деп мәлім етті төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлікті судан шығарып, 1994 жылы туған жүргізушінің денесін туыстарына тапсырған.
Оқи отырыңыз: