НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Әлеуметтік желілерде 1-11 сынып оқушыларын ата-ана келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы бұйрық шыққаны туралы хабарлама тарады. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды, деп хабарлайды StopFake.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай бұйрық ешқашан болмаған.
"Осы жарияланымға қатысты кез келген профилактикалық егу, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакциналау да ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін хабарлаймыз. Вакциналауға жататын жасөспірімдердің тізімін жоспарлау және жасау процесінде келісім алдын ала жиналады. Осыған байланысты алдын ала жасалған тізім бойынша вакциналауға ата-анасы қол қойған келісімі бар балалар және ата-анасының қатысуымен ғана екпе салдыруға шақырылады", – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Оқи отырыңыз: Цой ақылы вакцинация қашан басталатынын айтты
Оның айтуынша, мектептерде мәжбүрлі вакциналау жүргізіліп жатқан жоқ. Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің № 36 қаулысына сәйкес оқу мекемелерінде күн сайын кіру кезінде тексеру жүргізіледі. Мектептің барлық қызметкері термометриядан өтіп, кіреберісте қолын санитайзермен өңдеуге міндетті. Сабақ кестесі оқушылар бір-бірімен барынша аз байланыста болатындай етіп жасалады.
Ержан Байтанаев қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды. Шынайы ақпарат алу үшін комитеттің ресми интернет-ресурсына, "COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК" телеграмм-арнасы сияқты ресми дереккөздерге және Facebook, Instagram және YouTube әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарға жүгінуге немесе комитетке жазбаша сауал жолдауға болады.