Қоғам

Бас мүфти "қара жұма" атауын өзгертуді ұсынды

Ол соңғы жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген "қара жұма" сөзі қоғамда талқыға түсіп жатқанын айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "қара жұма" атауын "жомарт жұма" деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мүфтият сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Бас мүфти бұл ұсынысты еліміздегі сауда орталық иелері мен кәсіпкерлерге бағыттады.

Бас мүфти кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген "қара жұма" сөзі қоғамда талқыға түсіп жатқанын айтты.

"Дініміз бен дәстүрімізде бар "жұма" сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталық иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды "қара жұма" сөзін "жомарт жұма" деп өзгертуге шақырамын", - деді ол.

Оның айтуынша, "жомарт жұма" – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз.

"Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, "қара жұманы" "жомарт жұма" деп өзгертсек, бұл Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде "жомарт жұма" акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: