Өңірлер

Парламент мәжілісінің экс-депутаты қайтыс болды

Бейресми дерекке сүйенсек, бұрынғы депутаттың өліміне коронавирус инфекциясы себеп болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Мәжілістің II, III және IV шақырылымдарының депутаты, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Иван Федорович Чиркалин 74 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Парламент мәжілісінің экс-депутаты қайтыс болды

"Иван Федорович ел мен өңірдің дамуына үлкен үлес қосты. Қарапайым комбайншыдан мәжіліс депутатына дейін көтерілген ол 31 заңды әзірлеуге қатысып, 130-дан астам ұсыныс енгізді. Иван Федоровичті танитындар оның білімді, зиялы, тәрбиелі адам, тамаша әке және жар болғанын айтады", - деп атап өтті Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі.

Иван Федорович Чиркалин 1947 жылы 10 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Михайловка ауылында дүниеге келді.

1965 жылы Петропавл ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру техникумын, 1979 жылы С.М.Киров атындағы Урал политехника институтын "инженер-экономист" мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек қызметін 1965 жылы СҚО Мамлют ауданы Дубровинский кеңшарында бастады.

1996-1999 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан әкімі орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылдан СҚО әкімінің кеңесшісі болып істеді.

Оқи отырыңыз: Арон Атабек қайтыс болды

Бұған қоса, Иван Федорович 1999-2011 жылдары парламент мәжілісінің ІІ, ІІІ, IV шақырылымының депутаты болды. Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік дамыту комитетін басқарды, мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің хатшысы болды.

Чиркалин – экономика ғылымдарының кандидаты. Бірінші дәрежелі "Атамекен", 3 дәрежелі "Барыс", "Парасат" ордендерімен марапатталған. 2007 жылы Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанып, Қазақстан президентінің алғыс хатын алды, "Алтын Барыс" төс белгісі табысталды.