Қоғам

Цой министрлікте шу шығарған антиваксер аналарға қатысты түсініктеме берді

Министр ата-ана өз еркімен келісім бермегенше, балаға ешкім вакцина салмайтынын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларды вакциналауға қарсы шыққан көпбалалы аналардың наразылық акциясына түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Талаптары өте қызық: міндетті вакцинация қажет емес". Бізде міндетті вакцинация онсыз да жоқ. Қаламасаңдар, салдырмай-ақ қойыңдар. Бұл тек қосымша қорғану мүмкіндігі ғана. Сіз өз еркіңізбен келісім бермегенше, ешкім вакцина салмайды. Бұл таңдау мүмкіндігі: балаларды қорғағыңыз келсе – қорғаңыз. Қорғағыңыз келмесе, табиғи иммунитетке сеніп жүре беріңіз", - деді Цой үкімет кулуарында.

Ол соңғы кезде азаматтық қоғам – блогерлер, журналистер вакциналаудың артықшылығын халыққа белсенді түсіндіріп жатқанын атап өтті.

"Олар қолдап, түсіндіріп жатыр. Соның арқасында вакцинаға қарсы күн сайын пост жариялайтын азаматтар саны азайып жатқанын байқадық. Адамдар ақырындап сеніп жатыр", - деді ведомство басшысы.

Цой бүгінде Қазақстанда вакцина салдыра алатын ересек халықтың 70%-і толығымен егілгенін еске салды.

Оқи отырыңыз: Антиваксерлер денсаулық сақтау министрлігінде шу шығарды – видео

19 қараша күні елордада көпбалалы аналар денсаулық сақтау министрлігіне келіп, министр Алексей Цойдың отставкаға кетуін талап етті. Әйелдер балаларға екпе салуға және жалпы вакциналауға қарсы екенін айтып, шу шығарған.