Өңірлер

Петропавлда студенттерді алдап жүрген алаяқ ұсталды

Жас жігіт интернет арқылы тауар кредитін рәсімдеуге үгіттеген. Артынан кредит акция аясында толығымен жабылады деп сендірген
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 23 қараша – Sputnik. Петропавл қаласында студенттер 18 жастағы алаяққа сеніп, қымбат смартфондарды кредитке алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.    

Ресми мәліметке сәйкес, қалалық полиция басқармасына алаяқтық фактісі бойынша бірнеше арыз түскен. Жәбірленушілердің барлығы – студенттер. Олардың айтуынша, жас жігіт интернет арқылы тауар кредитін рәсімдеуге үгіттеген. Артынан кредит акция аясында толығымен жабылады деп сендіріпті. Оның уәдесі бойынша кредит тарихы банктегі таныстары арқылы деректер базасынан жойылуы керек болған. Жәбірленушілер қымбат смартфондарды кредитке сатып алған. Алайда кредиттері жабылмай, сол қалпында қалған. Осылайша әр студент 200 мың теңгеге қарызға кірген.

"Осы қылмысты жасады деген күдікпен 18 жастағы қала тұрғынын ұсталды. Күдіктінің сөзіне қарағанда, бұл алдау тәсілін олар тамыз айынан бері қолданып келген. Тергеушілер барлық мән-жайды анықтап жатыр. Осы уақытқа дейін 20 эпизод расталды", – дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 1 000 айлық есептік көрсеткішке (2 917 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: