НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Семей тұрғыны жүздеген адамның атына шағын кредитті заңсыз рәсімдеген. Бұл туралы криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласының тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік желіде жеке құжаттардың жоғалғаны туралы хабарландыруларды тауып, сол құжаттар бойынша шағын кредитке өтініш беріп отырған. Адамдар кредитті төлеу мерзімі өтіп кеткен кезде ғана қарыздың бар екенін білген. Қазіргі кезде зардап шеккен 320 адам анықталды. Оларға 10 миллион теңгеден астам шығын келген", - деді Нұрмағамбетов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, алаяқтар халықты алдаудың сан алуан әдістерін қолданып жатады. Сол себепті осы санаттағы қылмыстар жыл сайын артып келеді.
"Цифрлық технологиялардың дамуымен интернет-алаяқтық та көбейіп жатыр. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда 7 700 қылмыс тіркелсе, 2020 жылда ондай қылмыстардың саны 14 мыңнан асты. Ал биыл он айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда интернет-алаяқтық 80 процентке өсіп, 17 800 қылмысты құрады", - деп атап өтті Нұрмағамбетов.
Осы қылмыстардың басым бөлігі хабарландыру арқылы жасалады. Алаяқтар белгілі бір тауарды шығарады да, алдын ала төлемді сұрайды. Ал ақшаны алған соң, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді.
Шағын несиелер де жиі заңсыз рәсімделіп жатады. Бұдан бөлек, алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамның жеке мәліметтерін иемденеді. Сөйтіп, есепшоттағы ақшаны қолды қылады.