Дерекқор

Қазақстандықтар "Аңсаған сәби" бағдарламасына қалай қатыса алады

Бүгінде республикада 26 ЭКО орталық жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – жекеменшік клиника
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша – Sputnik. Биыл Қазақстанда "Аңсаған сәби" бағдарламасы басталды. Соның аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артып отыр. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Ал барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. Sputnik Қазақстан бағдарламаға қатысу шарттарын ұсынады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

"Аңсаған сәби" бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Үміткер Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Олар:

  • репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;
  • қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;
  • жоғары фолликулярлық резерв.

Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Ондай бірнеше мәселе ескеріледі.

- жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары;

- соматикалық және психикалық бұзылулар;

- аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы;

- денедегі қатерлі өскіндер;

Бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісімін береді.

ЭКО-ға жолдама қалай беріледі

"Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексеріске жазып қояды.

12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды.

Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.

Квота кезегінде тұрған әйелдер көп пе

Қазіргі кезде республика бойынша 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр. Олардың барлығы "Аңсаған сәби" бағдарламасына қатысуды көздейді. Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрған әйелдердің саны – 1 331. Биыл елордаға 500-ге жуық квота бөлінді.

Оқи отырыңыз: Бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың бірыңғай регистрі жасалады

Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылы қолға алынған. Оны медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосты. Бірақ квотаның саны аз болған. Осы уақытқа дейін экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келді.

Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Соның басым бөлігі -  жекеменшік клиника.

Бағдарлама аясында қанша бала дүниеге келді

Бүгінде "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында бөлінген 7 мың квотаның көп бөлігі игерілді. Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметіне сәйкес, 6 мыңнан астам әйелге экстракорпоральды ұрықтандыру жасалды.

"Қазірге дейін 6 мың әйелге эко жасалды, бұл жалпы санның 84 проценті. 740 адамда эко процедурасы басталды, есепке 2000-нан астам жүкті әйел тұрды. "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 40 бала дүниеге келді", - деді департамент директоры Мағрипа Ембергенова астанада өткен баспасөз мәлихатында.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала асырап алу үшін не істеу керек?

Айта кетері, "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады. Соның аясында жыл сайын 7 мың квота бөлініп тұрады. Үміткерлерге донорлық аналық және аталық ұрықты пайдалануға мүмкіндік беріледі.