АСТАНА, 17 қазан — Sputnik. Қазақстан репродукция медицинасы қауымдастығының соңғы жылдардағы мәліметіне сүйенсек, елімізде жұбайлардың 15 пайызы балалы болмаған. Дәрігерлер бедеуліктің 70% жағдайда емделетінін айтады. Ал психоаналитик мамандардың пікірінше, одан толықтай айығуға болады. Әдетте бедеулік диагнозы екі жыл жыныстық қатынаста бала сүйе алмаған жұптарға қойылады. Әйелдің бірнеше рет түсік тастауы да бедеулік болып есептеледі. Бұл дерт көп жағдайда жұптың толыққанды өмір сүруіне кедергі жасайды. ДДҰ мәліметінше, 40-50 пайыз жағдайда бедеулікке күйзеліс себеп болуы мүмкін. Аталған себептерге байланысты елімізде соңғы жылдары бала асырап алу процесі қарқынды түрде дамып келеді. Осы орайда елімізде қалай бала асырап алуға болатындығы туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" кодексіне сәйкес, бала белгілі бір отбасыға асырап алу үшін, патронаттық тәрбиеге, қамқоршылыққа немесе баланы қабылдауға дайын отбасыға берілуі мүмкін. Ұл немесе қыз баланы асырап алу дегеніміз — сот шешімі бойынша баланың отбасының толыққанды мүшесіне айналуы және оның да осы отбасыдағы өзге балалармен мүліктік және мүліктік емес құқықтарға ие болуы.
Яғни кез келген ата-ана жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан немесе белгілі бір себептермен жақындарынан айырылған балаларды отбасына қабылдап, жауапкершілікті өз мойындарына алуға қалай дайын болса, олармен болашақта мүліктерін де дәл осылай бөлісуге дайын болуы тиіс. Бұл бөлісу заң жүзінде жүргізіледі. Асыранды баланы қай жағынан болмасын өзінің туған балаларымен қатар қояды. Сондай-ақ, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан немесе белгілі бір себептермен ата-анасынан айырылған балалар өздерінің туыс екендерін білген жағдайда оларды бөліп-жаруға тыйым салынады. Яғни ата-аналар ағайынды 4-10 балаға дейін асырап алуы тиіс.
Тағы оқыңыз: Астанада балалар асханасына камера орнатылмақ
Десе де бүгінгі таңда көптеген жетімдер үйі баланы биологиялық отбасына қайтаруға талпынады. Осы орайда, әлеуметтанушы және психолог мамандар баланың отбасын бақылап, қаншалықты қайтаруға болатындығын анықтайды.
"Бізге келген балалар отбасы моделіне сай тәрбиеленеді. Яғни бірнеше баладан құралған отбасы белгілі бір үйде тұрады және олардың жанында 24 сағат бірге болатын аналары бар. Аналары деп отырғанымыз — бізде жұмыс істейтін тәрбиешілер. Осы күнге дейін 18 жыл қатарынан жұмыс істеген аналар бар. Олар бір емес, бірнеше ұрпақ тәрбиелеп шығарды", — деді маман.
Егер отбасы баланы махаббатымен, материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алатын болса, онда бала биологиялық отбасына қайтарылады. Ата-анасынан бөлек баланы туыстары асырап алғылары келуі мүмкін. Егер ресурстар жеткіліксіз болса, балаға отбасы таңдау бағдарламасы жүзеге асырылады. Яғни баланың отбасыға емес, керісінше асырап алғысы келетін ата-ананың бұл балаға қаншалықты лайық екені қарастырылады.
Тағы оқыңыз: Павлодарда балабақшадан тапа-тал түсте екі бүлдіршін қашып кетті
"Кейбір ата-ана өлген немесе шетелге кетіп қалған баласының орнын осылай толтырмақ болады. Мұндайда мүмкіндігінше бермеуге тырысамыз. Себебі, бір бала екіншісіне ұқсамайды. Ал мұндай ата-аналар міндетті түрде баладан өзіне керек мінез-құлықты талап етіп отырады", — деді Зәуреш Арыстанова.
Қандай жағдайда бала асырап алуға болады?
Электронды үкімет порталында көрсетілген ақпаратқа сәйкес, кодекстің 84-бабы бойынша мына балаларды асырап алуға болады. Бұл жазылғандар ата-анасынан бірдей немесе олардың біреуінен айырылғандарға қатысты:
- ата-анасы қайтыс болған;
- баладан өз еркімен бас тартқан;
- сот шешімімен ата-ана құқықтарынан айырылған және бұл құқықтарын белгілі бір себептерге байланысты қалпына келтірмеген;
- ата-анасы баласын өзгелерге асырап алуға өз еркімен рұқсат бергенде;
- баланың ата-анасы сот шешімімен қабілетсіз, хабар ошарсыз кеткен жағдайда немесе қайтыс болғанда;
- ата-анасының кім екені белгісіз болған жағдайда;
- ата-анасы баладан бас тартқан жағдайда оны туыстары өз азаматтығына және тұрғылықты жеріне қарамастан асырап ала алады;
- ағалы-інілі немесе апалы-сіңлілі балаларды әртүрлі отбасылардың асырап алуына тыйым салынады. Алайда балалар өздерінің туыс екендері туралы білмесе, бұрыннан бірге тұрмаса және бірге тәрбиеленбесе, асырап алуға рұқсат етіледі.
Баланы асырап аларда жоғарыдағы жағдайлар ғана емес, ата-аналардың түпкі мақсаты анықталады.
"Сондай-ақ, кейбір ата-ана биологиялық баласын ренжіткен кезде жетімдер үйінің тәрбиеленушісін кері қайтаруы мүмкін. Себебі, олар бастапқыда сезімнің жетегіне еріп немесе бірінші баласына ермек болар бауыр болсын деген ниетпен келген. Ал бұл тәрбиеленуші үшін үлкен психологиялық жарақат болмақ. Десе де, мұндай жағдайдың алдын алуға бағытталған бізде бағдарлама бар", — дейді Зәуреш Арыстанова.
Бұдан өзге балалар үйінің директоры осы күнге дейін SOS балалар ауылынан шетелдіктердің бала алып көрмегенін айтты. Яғни бес жылдық тәжірибесінде мұндай жағдаймен кездеспеген екен.
Баланы асырап алушыларға қандай талаптар қойылады?
Асырап алуға ниет білдірген азаматтың отбасында баланың қалыпты дене бітімі болып, рухани, психикалық және адамгершілік жағынан дұрыс дамыса, құрдастарымен қатар білім алуға жағдай жасалса, онда оларға бұл ойларын жүзеге асыруға толықтай рұқсат беріледі.
Кімдерге бала асырап алуға тыйым салынады?
- сот өз бетімен әрекет етуге қабілетсіз деп таныған немесе мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға;
- сот ерлі-зайыптының біреуін немесе екеуін де өз бетімен әрекет етуге қабілетсіз деп таныған жағдайда;
- сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе осы құқықтарын шектеген жағдайда;
- Қазақстан Республикасының заңына қарама-қайшы келетін әрекеттер жасап, қорғаншы немесе қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адамдарға;
- бұрын бала асырап алғанымен, сот белгілі бір себептерге байланысты оларды осы құқықтарынан айырған болса;
- денсаулық жағдайына байланысты ата-ана міндетін атқара алмайтын азаматтар;
- өздерінің тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар;
- ер немесе әйел деген жынысқа өздерін жатқызбайтын азаматтар;
- осы уақытқа дейін қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтар;
- азаматтығы жоқ адамдар;
- тіркелген некеде тұрмаған еркек жынысты азаматтар;
- баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ азаматтар;
- наркологиялық немесе психонекрологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар;
- заңды некелеспеген азаматтар бала асырап ала алмайды;
- бала асырап алушы мен баланың жас айырмасы кемінде 16 жас болуы тиіс. Десе де, сот белгілі бір себептерге байланысты бұл жас айырмасын қысқартуы мүмкін;
- егер баланы асырап алуға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана ниетті болса, онда екіншісінен міндетті түрде жазбаша келісім талап етіледі. Ал егер ерлі-зайыптылар заңды некеде болғандарына қарамастан бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатқан болса, онда асырап алуға екінші жұбайдың келісімі талап етілмейді.
Баланы асырап алу үшін қандай құжаттар керек?
Азаматтар, алдымен, бала асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш береді:
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
- жақын туыстарының бала асырап алуға арналған жазбаша келісімі (еркін нысанда);
- жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар;
- отбасы жағдайы туралы анықтамалар туралы куәліктің көшірмесі, биологиялық балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесі;
- кодекстің 91-бабы 1-бөлімінің 6) тармақшасына сәйкес азаматтың ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтамалар;
- Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтің бар немесе жоқтығы туралы анықтамалар;
- тұрғын үйі бар немесе тұрғын үймен пайдалану құқығын дәлелдейтін құжаттың көшірмесі.
Асырап алынған баланың тегі қандай жағдайда өзгеріссіз қалады?
Кодекстің 97-бабына сәйкес, асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты және тегi сақталуы мүмкін. Асырап алушының өтініші бойынша балаға тегі мен атын беруге болады. Яғни баланың әкесінің атын асырап алушы өзгерте алады. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның деректері тек өзінің келісімімен өзгертіледі.
Тағы оқыңыз: Ақмола облысында балабақша тәрбиешісі туберкулездың ашық түрімен ауырған
Мұнымен қатар, бала асырап алу құпиясы сақталуы үшін баланың туған күні, айы және жылы алты айдан аспайтын мерзімге дейін, сондай-ақ, оның туған жеріне қатысты ақпарат өзгертілуі мүмкін. Асырап алынған баланың туған жерін өзгерту Қазақстан Республикасы аумағында ғана жүргізіледі. Яғни шетелдік мемлекеттерді көрсетуге болады. Осы секілді ақпараттар сот шешімінде көрсетіледі. Мұнымен қатар, сот шешімімен баланың туған күні өзгертілген жағдайда балаға жаңа ЖСН беріледі.
Баланы асырап алған ата-аналарға мемлекет тарапынан қандай қаржылай көмек көрсетіледі?
"Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" заңының 4-бабына сәйкес туған, асырап алған, сондай-ақ қамқоршылыққа алған балалары бар отбасылардың бала туғанда берілетін жәрдемақы және бала күтіміне байланысты ақша алуға құқықтары бар.
Қазақстан Республикасы үкіметінің 2014 жылғы 10 шілдедегі №787 қаулысына сәйкес, баланы асырап алушыларға жетім баланы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем жасалады. Оның көлемі — 75 АЕК.
Бұл ақшалай төлемді алу үшін баланы асырап алушы ата-аналардың бірі сот шешімі шыққан жердегі қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын органға төмендегі құжаттарды ұсынады:
- өтініш;
- баланы асырап алу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі;
- бала асырап алушының жеке куәлігінің көшірмесі;
- екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы ұлттық банкінің лицензиясы бар ұйымда бала асырап алушылардың бірінің атына жеке шоттың ашылғаны туралы шарттың көшірмесі.
Мұнымен қатар, жаңа туған баланы асырап алғандар тиісті төлемдермен декреттік демалысқа шыға алады. Балаларға жәрдемақыны алу құқығы тоқсан сайын табыс туралы анықтамалар ұсынылып расталып отырады.
Баланы асырап алу процесі қалай жүзеге асады?
Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын органға немесе республикалық деректер банкі арқылы www.rbd-kopd.kz веб-порталында өтініш толтырады;
- республикалық деректер банкіне тіркеледі;
- бала асырап алуға тілек білдірген адамдар республикалық деректер банкінде есепке алынады;
- осыдан кейін бала асырап алуға рұқсат етілген жағдайда ата-аналар жетім балалардың сауалнамаларын көріп, таңдау жасай алады;
- республикалық деректер банкі азаматтарды бала асырап алу үшін жетімдер үйіне қарай бағыттайды;
- осы жолдамаға сәйкес асырап аламын деуші азаматтар кемінде екі апта уақыт баламен тікелей қарым-қатынаста болып, олардың әдеттерімен, талғам және мінез-ерекшеліктерімен танысады;
- байланыс орнатылғаннан кейін бала туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады;
- баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысқандығын жазбаша растайды;
- баланың денсаулығын тәуелсіз мекемеге тексертеді;
- барлық құжат дайын болған соң асырап алуға үміткерлер құжаттарды қоса тіркеп, сотқа өтініш береді.
Мұнымен қатар, сотқа білім беру басқармасы комиссиясының қорытындысымен баламен тікелей қарым-қатынаста болғаны туралы мәліметті көрсете отырып, баланы асырап алуға рұқсат беру туралы құжатты сотқа береді.
Кейін ата-ана жеке басын куәландыратын құжат пен сот шешімін көрсету арқылы жетімдер үйінен, интернаттан немесе өзге ұйымнан баланы алып кетеді.
Баланың құжаттарын ААХ немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қайта тіркеп, жаңа ЖСН алады.
Ата-ана бала 18 жасқа толғанға дейін сотқа жылына бір рет баланың денсаулығына, біліміне және тәрбиесіне қатысты ақпараттар ұсынып отырады. Сондай-ақ, баланы асырап алған азаматтар қорғаншылық пен қамқоршылық органдары тарапынан жүйелі түрде жасалатын тексерістерге кедергі келтірмеуі тиіс.