Өңірлер

Әбдіқалықова: Қызылорда облысы халқының 72,5%-і вакцинаның екі компонентін алды

Қызылорда облысына Pfizer вакцинасының 97 мың дозасы жеткізілмек, қазіргі уақытта өңірде екпенің 23 400 дозасы бар
Sputnik

ҚЫЗЫЛОРДА, 18 қараша – Sputnik. Қызылорда облысында вакциналауға жататын тұрғындардың 72,5%-і коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін де алды. Бұл туралы өңір әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орталық коммуникация қызметінде өтіп жатқан брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінгі күні вакциналауға жататын облыс тұрғындарының 86,2%-і вакцинаның бірінші компонентін алса, 72,5%-і екінші компонентін алды. Жыл басынан бері егу кабинеттерінің саны 34-тен 106-ға дейін артты, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ол Сыр өңірінде 15 қарашадан бастап Pfizer вакцинасын егу басталғанын атап өтті.

"Бүгінде 23 400 дозасы өңірге жеткізілді. Талаптарға сәйкес 2 мұздатқыш камера сатып алынды, жақын арада тағы 10 камера мен 20 термоконтейнер жеткізіледі. Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Аймақ басқа жедел респираторлық-вирустық инфекциялармен күресуге дайын, дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ", – деді облыс әкімі.

Әбдіқалықова Қызылорда облысы "жасыл аймақта" болғанына қарамастан, коронавирустық инфекцияны тежеу негізгі бағыттардың бірі болып қалатынын мәлім етті.

Бұған дейін Қызылордадағы медициналық колледждің 70 студентіне ата-аналарының келісімімен "Pfizer" вакцинасы салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Оқи отырыңыз: Қызылордада Ресей нөмірімен жүрген автокөліктің жүргізушісі сотталды