Саясат

Назарбаев "Үлкен Еуразия" төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынды

Елбасы Үлкен Еуразиядағы, әсіресе оның Азиялық бөлігіндегі диалог пен сенім институттарын нығайту қажеттігін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланысты дамыту қажеттігін мәлімдеді.

Назарбаев жаңа дағдарыстардың алдын алу үшін Еуразия елдері арасында жүйелі диалог орнатудың маңыздылығын айтты, деп хабарлады Elbasy.kz сайты.

Елбасы бұл орайда ұзақ уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан, соның ішінде үшінші елдермен жұмыс істеп жүрген өңірлік халықаралық бірлестіктер негізгі құрал бола алатынын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Назарбаев Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізеді 

"Атап айтқанда, менің ойымша Еуразия экономикалық одағы, Еуропалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және жақында ғана құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы тікелей байланысты дамытатын кез келді. Сондықтан біздің елдеріміз Еуразиядағы кооперацияның барлық мүмкіндіктерін талқылап, дамыта алатын "Үлкен Еуразия" төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев "Астана клубының" алтыншы отырысында.

Қазақстанның тұңғыш президенті сондай-ақ Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру және ядролық қаруды таратпаудың нақты жұмыс тетігін әзірлеу үшін халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыруға шақырды.

"Осы жылдың басында "ядролық апат мерзімі" делініп жүрген уақыт түн ортасына дейін жүз секунд қалған межеге белгіленген болатын. Бұл шын мәнінде әлем ядролық соғыс алдында тұрғанын білдіреді. Дүние жүзінде байқалып отырған дағдарыс жағдайы Үлкен Еуразиядағы кооперацияның жаңа тәсілдерін ойлап табуды талап етеді", – деді Елбасы.

Қазақстанның тұңғыш президенті Үлкен Еуразиядағы, әсіресе оның Азиялық бөлігіндегі диалог пен сенім институттарын нығайту қажеттігін атап өтті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементіне айналдыруды ұсынды.

"Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ашық әрі инклюзивті құрылым ретінде Азияда жан-жақты диалогты жолға қоюдың тиімді платформасы бола алады деп санаймын. Келер жылы бұл ұйымның құрылғанына 30 жыл толуына орай мерейтойлық саммит өткізу жоспарланып отыр. Осы жоғары деңгейдегі іс-шараға мазмұнды дайындық жүргізіліп, Еуразия соның нәтижесінде Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және нығайту процесінде серпіліс алу мүмкіндігіне ие болуы керек",– деді Елбасы.

Қазақстанның тұңғыш президенті Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру және ядролық қаруды таратпаудың нақты жұмыс тетігін әзірлеу үшін халықаралық деңгейде күш-жігер жұмылдыруға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Жаһандық көшбасшылар альянсы Стратегиялық шабуыл қаруларын жаппай қысқарту жоспарын талқылау және құру жолындағы негізгі алаңға әрі қозғаушы күшке айнала алатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Елбасы Қазақстан астанасында Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық форум өткізуді ұсынды.