НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Павлодарда үш айдан астам уақыт бойы коронавирустан емделген бала жансақтау бөлімінен шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл 8 тамызда бір жасар бала ауруханаға түскен. Бас кезінде ол стационарда емделді.
Бірақ бес күннен кейін оны "COVID-19 коронавирустық инфекциясы" диагнозымен шұғыл жансақтау бөліміне ауыстырған. Сәби ауыр жағдайға түсті.
"Бала жансақтау бөлімінде 94 күн жатты. Нұр-Сұлтандағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының мамандары да пациентті бақылап отырды. Павлодарлық дәрігерлер республикалық деңгейде басқа да мамандармен бір емес, бірнеше рет кеңесті, консилиум өткізді", - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.
Дәрігерлердің айтуынша, балада аралас коронавирустық пневмония анықталды. Өкпесі 36 процентке зақымданған. Оған қоса, коронавирус кезінде сирек кездесетін асқыну болды. Ол – пневмомедиастинум. Ондайда өкпеде ауа жиналып, адамның кеуде тұсы аурады. Бала жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды.
Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты, өздігімен дем алып жатыр. Анасы да жанында.