АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
"Тергеу сотының 2021 жылдың 12 қарашасындағы қаулысына сәйкес прокуратураның өтініші қанағаттандырылды, И.Дужновқа қатысты қамауда ұстау мерзімі үш айға дейін, яғни 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейін ұзартылды", - деді соттың баспасөз қызметі.
Бұған дейін тергеу сотының шешімімен Дужнов екі айға қамауға алынған.
Алматыдағы атыс
20 қыркүйек кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.
Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша сатылған. Үй үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.
Оқи отырыңыз: "Өкінемін, не істегенімді түсінбедім": Алматыда 5 адамды өлтірген адамның соттағы сөзі
Сотта Дужнов адамдардың өліміне байланысты өкінетінін айтты. Ол мұндай жағдайға "заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушысының заңсыз әрекеттері" себеп болғанын айтты.