НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Абай шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер қауіпті өндірістерде жұмыс істейтіндерді 55 жаста зейнетке шығаруды сұрайды.
Ауруханадан шыққан екі шахтер БАҚ өкілдері арқылы үкіметке осындай ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Олардың айтуынша, кен орындарында жұмыс істейтіндерің көбі зейнет жасына жетпей-ақ көз жұмады.
Жеңіс Маралбаев 30 жыл жер астында көмір қазған. Қазір 58 жаста. Зейнетке 4 жыл қалғанда күтпеген жағдайға тап болды. Жетінші қараша күні Абай шахтасында кенет тараған метанға уланып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен.
Енді ол жұмысқа шықпайтынын айтты. Өйткені кеншінің денсаулығы әлі де мәз емес.
"Менің аяғымнан бастап ауырмайтын жерім жоқ. Енді мына жағдайдан кейін жер астына түсетін денсаулық қалмады. Әйтпесе қорқып тұрғам жоқ, біз үйреніп кеткенбіз. Зейнетке шығуыма 4 жыл қалса да енді жұмысқа бармаймын. Көбі зейнет жасына жетпейді. Қайтыс болып кетеді. Сондықтан 55 жаста зейнетке шығару керек", - дейді Жеңіс Маралбаев.
62 жастағы Елайдын Зейналов та енді жұмыс істегісі келмейді. Зейнетке шығуына бірнеше ай ғана қалған ол шахта қауіпті болса да оны қауіпсіз ету адамның қолында дейді. Сондықтан кен орындарының техникалық жағдайын жақсартуды сұрайды.
"Шахта қашан да қауіпті болып қала бермек. Алайда оның жұмысын қауіпсіз етуге болады. Жастарға жұмыс керек қой. Бірақ оны жаңартып отырмаса болмайды", - дейді Елайдын Зейналов.
Кеншілерге "Арселор Миттал Теміртау" әлі ешқандай өтемақы төлемеген. Бұл мәселені арнайы комиссия қарап жатқан көрінеді.
Ал дәрігерлер науқастар ауруханадан шыққанымен, оларға әлі біраз уақыт ем қажет деп отыр.
"Кеншілердің жағдайлары бірқалыпты. Қазіргі жағдайда жұмысқа шыға алмайды. Тағы бір 2-3 аптадай поликлиникада бақылауда болуы керек", - дейді аурухананың токсикология бөлімшесі меңгерушісі Сәуле Смағұлова.
Оқи отырыңыз: Абай шахтасында төтенше жағдай болды: алты кенші көз жұмды
Апат салдарынан уланғандардың бірі - кенші Исмаил Мадрамов та ауруханадан шықты. Ол жапа шеккендерді ескертем деп есікке жақындағанда метан газына уланған. Бірақ оны үйіне барған соң ғана білген.
"Қорғау" кәсіподақ ұйымының мәліметінше, "Арселор Миттал Теміртаудағы" келісім комиссиясының отырысында апаттан қаза болған 6 кеншіге ескерткіш қою туралы ұсыныс жасалған.
Облыс әкімі төрағалық еткен отырыста көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болыпты. Ал жалақыны өсіру мен қауіпсіздікті нығайту сұрақтары әлі қаралып жатыр.
Қазір "тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабымен тергеу жалғасуда.