НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Қарағанды облысы Абай қаласында алты кенші метан газы тараған кезде қаза тапты. Тағы екі адам зардап шеккен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, сағат 09.30-да Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне Абай қаласындағы Абай шахтасында болған оқиға туралы ақпарат түседі. К10 желдету штрегінде метан газы тараған.
"Алдын ала ақпарат бойынша шахтада барлығы 64 жұмысшы болған. 3-К10 кенжарында 8 қызметкер бар (ақпарат нақтыланып жатыр). Кенжардағы 8 қызметкердің алтауы қаза болды, екі қызметкер жарақат алған (олардың да жағдайы нақтыланып жатыр). Қазір зардап шеккен кеншілерді шахтадан жер бетіне алып шығу жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады ресми өкіл.
Оқиға орнына дереу құтқарушылар мен арнайы қызметкерлер шығып, техникалар жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған комиссия оқиға орнына барады.
Бұл Абай шахтасында болған алғашқы төтенше жағдай емес. 2008 жылдың 11 қаңтарында жарылыс кезінде 30 кенші қаза тапты. Тергеу барысында өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауап беретін екі шенеунік қызметінен кетті.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде шахтада қаза тапқандардың әріптестері трагедия қалай болғанын айтты