Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді

Қазақстанда цифрлық эфирлік телевизияға кезең-кезеңмен көшу жобасы 2018 жылдан бері іске асырылып келеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы биыл 1 желтоқсанда толығымен цифрлық эфирлік телевизияға көшеді. Цифрлық телевизияның арқасында телеарналар саны көбейеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда қараша айының соңына дейін аналогты телевизияны толығымен өшіріп, 1 желтоқсаннан бастап цифрлық телевизияға көшіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу бойынша жобаны іске асырудың төртінші кезеңі аясында жүргізілуде.

"Цифрлық ТВ-ға көшу телеарналар санының көбеюіне жол ашады. Сонымен қатар, цифрлық телевизияда сурет пен дыбыстың сапасы жоғары болады. "Аналогтан" айырмашылығы кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды. Спутниктік немесе кабельдік теледидармен бірдей, бірақ ерекшелігі – цифрлық эфирлік хабар тарату мүлдем тегін", - деп хабарлайды елорда әкімдігі.

Цифрлық телевизияға DVB-T2 сандық тарату стандарты бар теледидарды қосуға болады. Ол үшін тек дециметрлік антенна қажет. Егер теледидарда DVB-T2 стандарты ұстамаса, онда цифрлық сигнал қабылдағышын сатып алу керек.

Бүгінде Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында ескірген телехабар тарату жүйесі толығымен өшірілді.

Қазақстанда цифрлық эфирлік телевизияға кезең-кезеңмен көшу жобасы 2018 жылдан бері іске асырылып келеді.

Оқи отырыңыз: