Қоғам

Депутаттар журналист мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневЖурналисты с диктофонами в руках
Журналисты с диктофонами в руках - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.09.2021
Жазылу
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Қазақстанда елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп жүрген 4-5 мыңнан астам журналиске еш жағдай жасалмаған

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Сенаттың бір топ депутаты Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминге жолдады.

"Бүгінде журналистің қоғамдағы орны заңдылық тұрғыдан еш айқындалмаған. Соның салдарынан қазір журналист не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші, не кәсіпкер санатында жоқ белгісіз тұлға. Яғни санда бар, санатта жоқ", - деді ол.

Айтуынша, "БАҚ туралы" заң мен "Еңбек" кодексінде де журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Тек "БАҚ туралы" заңның 20-бабында 10 құқығы мен 21-бабында 5 міндеті ғана жазылған. Ал "Еңбек" кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ.

"Ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз", - деп санайды сенатор.

Нұртөре Жүсіп Ресейді мысалға келтірді. Айтуынша, көрші елде журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер және шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалады. Ал Қазақстанда елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп жүрген 4-5 мыңнан астам журналиске еш жағдай жасалмаған. 

"Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана", - деді депутат.

Сондай-ақ ол Түркияда да журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Ал Әзербайжанда БАҚ-ты мемлекеттік қолдау қоры жұмыс істейді. Бакуде журналистер үшін әрқайсысы 250 пәтерлік 9 қабатты екі үй салынып, пайдалануға берілген.

"Бізде мұндай жағдай арман ғана. Жас журналистер бала-шағасымен пәтер жағалап жүр. Көбісі елдегі тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алмайды. Әлеуметтік тұрғыдан мүлде қорғалмаған", - деп қапаланды Нұртөре Жүсіп.

Сенаторлар журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді деп санайды.

"БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін "Журналист мәртебесі туралы" арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймыз", - деді депутат.

Сонымен қатар, оның пікірінше, ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан әзірлеу қажет.

Қазақстанда қанша БАҚ бар

Нұртөре Жүсіптің мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ақпарат құралдарының саны 400-ден 4,5 мыңға көбейді.

Қазір елде 184 телеарна, 79 радио, 790 ақпарат агенттігі бар. 2964  мерзімді баспасөз басылымы немесе 1859 газет пен 1105 журнал тіркелген.

Жаңалықтар
0