Әлем

Еуропаның алдында күрделі таңдау тұр

Германия – әзірге мигранттарға қонақжайлылық танытып отырған Еуроодақтағы жалғыз ел
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Польша шекарасында Таяу Шығыстан келген он мыңға жуық босқын жатыр. Олар одан әрі әлеуметтік жәрдемақы мен жеңілдік берілетін Батыс Еуропаға қарай баруды көздеп отыр. Алайда оларды құшақ жайып қарсы алатындар табыла қоймайтын секілді. Керісінше, көші-қон заңнамасын қатаңдатып жатыр. Қоныс аударғандар бақытты ғұмыр кешудің орнына депортация жасалуы немесе Африкадағы уақытша лагерьге тап болуы мүмкін, деп жазды РИА Новости.

Беларусь шекарасындағы босқындар саны артып жатыр. Олар Еуропаға өту үшін арадағы делдалдарға бірнеше мың доллар беріп те қойған. Алайда жоспардың күл-талқаны шықты: Польша шекараға әскер қойып, барлық тетікті бұғаттап тастады. Әскерилер көзден жас ағызатын газ шашып, бірнеше адамды соққыға жықты. Адамдар орманда түнеп, от жағып жылынып отыр.

"Мызғымас бауырластық – 2021" оқу-жаттығуы: ҰҚШҰ алты елінің әскері күш біріктірді
Мұның барлығы Минск Бағдад пен Ыстамбұлдан келетін тікелей рейстер санын күрт өсірген шақта туындады. ЕО қарсылық танытқанымен, Беларусь оны елең етпеді. Ирак, Сирия, Ауғанстаннан қашқан адам қарасы көп. Шекараны ашса да, Польшада қалатындар аз. Католиктік Варшава мұсылмандарға аса қуана қоймайды. Әсіресе, 2015 жылы билікке "Құқық пен әділеттілік" консервативті партиясы келгеннен кейін оның лидері Ярослав Качиньский мигранттарды орналастыруға ешқандай жеңілдік болмайтынын бірнеше рет мәлімдеді.

Польшаның өзі де қоныс аударушылар үшін қызықты емес. Олар БАҚ-қа берген сұхбаттарында Германияға немесе Францияға баруды көздейтіндерін, себебі осы мемлекеттерде өмір сүру қолайлы екенін айтады. Оның үстіне бұл елдерде Таяу Шығыс және Африка диаспоралары қалыптасып үлгерді.

Мигранттар немістер мен француздардың қонақжайлылығына текке үміт артып отыр. Ең либералды мемлекеттердің өзі заңнама талаптарын қатаңдатып жатыр.

Бірнеше жыл бұрын Батыс Еуропа иммиграция мәселесінде біртұтас еді. Алайда уақыт өте келе пікір қайшылығы туындай бастады.

2013 жылы қабылданған Дублин регламентінде босқындар Еуроодақ шекарасын алғаш рет қай жерден кесіп өтсе, дәл сол мемлекеттен пана сұрауға тиіс екені жазылған. Басқалары оларды қабылдауға міндетті емес.

Бірақ мигранттардың басым бөлігі Магрибтен келіп жатқан Еуропалық Жерорта мемлекеттері мұнымен келіспей отыр. Порт қалаларында гетто саны артып кетті. Осындай жағдайдан мезі болған Италия, Мальта, Грекия мен Кипр Дублин келісімін таратуды талап етті. 2020 жылы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл ұсынысты қолдады. Бірақ ЕО кеңесі әзірше келіспей отыр.

Қайткенмен де Дублин регламенті заң емес, ол бар болғаны реттеуші құжат. Сондықтан әр мемлекет өз қалауына қарай әрекет етеді. Брюссельдің көші-қон проблемасын тиімді әрі әділ шешу әдісін іздестіруінің себебі де осында.  

Негізгі идея – келген адамдарды квота бойынша бөлу. Баламасы – босқындар санын тежеп тұруын талап ету арқылы Азия мен Африка елдеріне қаржылай көмек көрсету. Бірақ екі нұсқа бойынша да келісім болмай отыр. Осы себепті мемлекеттер ішкі заңнаманы өзгертті.

Ауғанстанның 23 миллион тұрғыны аштықтан өлуі мүмкін – БҰҰ
Мысалы, Франция республикалық принциптерді нығайту туралы заң қабылдап, елдегі балалардың барлығы білім алуын міндеттеді. Арасында мұсылман білім беру мекемесі көп жекеменшік мектептердің барлығын мемлекеттік бақылауға алды. Сонымен қатар діни қауымдастықтардың шетелден қаржыландыру тетіктері қатаң бақыланатын болды.

Ал Дания бір ауданда тұратын мигранттар санын шектеп, ол көрсеткіш 30 проценттен аспауын талап етті. Босқындарды уақытша орналастыру лагерьлері Еуропадан тыс, соның ішінде Орталық Африкаға шығарылды.

Германия – әзірге мигранттарға қонақжайлылық танытып отырған Еуроодақтағы жалғыз ел. 2015 жылы Ангела Меркель парламент талабы мен Дублин регламентін ескермей, сириялық босқындарға есік ашты. The Guardian мәліметі бойынша сол шақтан бері қоныс аударғандардың жартысынан астамы жұмысқа орналасып, салық төлеп отыр.

Бірақ Польша-Беларусь жағдайына Берлин де алаңдап отыр. Германияның ішкі істер министрі Хорст Зеехофер Польшамен арадағы шекарада жүздеген неміс полицейі тұрғанын және ведомство тағы бірнеше жүздеген тәртіп сақшысын жөнелтуге дайын екенін айтты.

Еуропалықтардың поляк-беларус дағдарысына қатысты пікірлері де екіге қақ жарылды. Біреулер адамгершілікке шақырып, он-жиырма жыл бұрын поляктар да гастарбайтерлер ретінде батыс елдеріне қоныс аударғанын еске салды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Таяу Шығысқа қарай қашқан поляктар жайы да айтылды.

Ал басқалары шетелдіктерден үркетінін, олардың өз заңы бар екенін, тілді білмейтінін және бейімделуге тырыспайтындарын алға тартып отыр. Ал миграция бағдарламалары салық төлеушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылып жатыр.

Бірақ британиялықтар поляк саясатын басқалардан белсенді қолдап отыр. Корольдік ЕО-дан шыққанымен, көптеген күрді дәл осы елге, өз диаспорасына ұмтылуда.

СОНАР-2050 аналитикалық бюросының басшысы Иван Лизан шекарадағы дағдарысқа Минск пен Варшава арасындағы текетірес себеп екенін айтты.

"Поляктар өз амалдарын дұрыс деп санайды және мәмілеге келіспейді. Өкінішке қарай мұндай әрекет қарсылықты өршіте түседі. Ал соның салдарынан жазықсыз адамдар зардап шегеді", - дейді ол.