Оқиға

Абай шахтасындағы апат: министрлік түнгі тексеріс енгізуді ұсынды

Бизнеске қойылатын талаптардың азаюы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеуді әлсіретіп, өндірістік тәртіптің төмендеуіне әкелді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин қауіпті өндірістік нысандарда апатты азайту үшін жазаны қатаңдатып, кенеттен тексеріс жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, оқтын-оқтын жүргізілетін реформалар мен бизнеске қойылатын талаптардың азаюы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеуді әлсіретіп, өндірістік тәртіптің төмендеуіне әкелді. Соның кесірінен өндірісте техногенді апаттар мен жарақаттанушылық деңгейі өсіп барады.

Бұған 7 қарашада Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарайтын Абай шахтасындағы трагедия дәлел. Шахтада метан таралып, 6 кенші көз жұмған еді.

"Біз "АрселорМиттал Теміртау" АҚ нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі қанағаттанарлық емес екенін талай рет айттық. Инспекторлар қауіпсіздік талаптары жүйелі түрде бұзылатынын анықтады. Заңбұзушылықтар тау-кен жұмыстарымен, көмір қабаттарын газдан тазарту, кейбір учаскелерде метан концентрациясын автоматты түрде анықтау жүйесінің жоқтығымен байланысты", - деді Ильин сенатта өткен үкімет сағатында.

Айтуынша, тексерістер нәтижесі бойынша сот органдарына көмір шахталарының қауіпті учаскелерінде тау-кен жұмыстарын жүргізуге уақытша тоқтатуға талап-арыз жолданады. Алайда іс жүзінде сот қауіпті учаскелерді уақытша жабу шешімін қолдамайды, тек әкімшілік айыппұл ғана салады.

"Әкімшілік айыппұлдардың сомасы тексерілген субъектілерге ауыртпалық түсірмейді. Тәжірибе жүзінде заңбұзушылықтарды жою үшін қаржы құюдан гөрі әкімшілік айыппұл төлеу тиімді көрінетін үрдіс пайда болды", - деді министр.

Осыған байланысты ТЖ министрлігі қауіпті өндірістік нысандарда апат пен жарақаттану деңгейін төмендету үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексі мен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу, апат, жарақаттану, қызметкерлер мен халықтың өлімі, қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін қауіпті өндірістік нысандардың қожайындары мен басшыларының жауапкершілігін айтарлықтай қатаңдату көзделіп отыр.

Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодексіне қауіпті өндірістік нысандарды тексерудің өзгеше тәртібін енгізуге қатысты ұсыныстар да бар. Ведомство түнгі уақытта жоспардан тыс тексеріс жүргізу, демалыс және мереке күндері кәсіпорын басшыларына алдын ала хабар берместен тексеріс жүргізу, тексеріс жүргізу мерзімін ұлғайту, аса қауіпті нысандарды жылына кемінде 2 екі рет ерекше тәртіп бойынша тексеру, тексерістің ауқымдылығына байланысты тексеріс мерзімін ұзартуды ұсынды.

Оқи отырыңыз: