Денсаулық

Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді – видео

Бұрын қол қойылған келісім шеңберінде Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы сатып алынды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. 10 қарашада түнде Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді, деп хабарлады коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия.

Бұрын қол қойылған келісім шеңберінде Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы сатып алынды.

Comirnaty - американдық Pfizer компаниясы мен Германияның BioNTech технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Вакцинация курсы 21-28 күн аралығымен енгізілетін екі дозадан тұрады. Жеткізілген дозалар Қазақстан халқын жаппай вакциналауды аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина.

Бірыңғай дистрибьютор келіп түскен вакцинаны денсаулық сақтау министрлігінің бөлу кестесіне сәйкес жедел тәртіппен өңірлерге жеткізеді. Алдағы күндері ол ел азаматтарына коронавирусқа қарсы вакциналау үшін қолжетімді болады.

"Вакцинаны сақтау нұсқаулығын нақты ұстану және жағымсыз салдарды болдырмау үшін вакцинаны жеткізуге және қолдануға дайындық шаралары жүргізілді. Өндіруші ұсынған суық тізбекке қойылатын талаптарға сәйкес ультра төмен температура -60 -90 С режимінде сақтауға арналған мұздатқыш жабдықтар сатып алынды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ вакцинаны енгізу үшін қажетті шприцтер қоры сатып алынды.

Комиссия ақпаратына сүйенсек, вакциналауды жүргізетін мамандар вакцинамен дұрыс жұмыс істеуге және оны қолдануға үйретілді.

Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасы ДДҰ-ға шұғыл қолдануға рұқсат етілген, вакцина АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО-да қолданылады. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша оның тиімділігі 95 пайызды құрайды. Бұл АҚШ-та жедел қолдануға рұқсат етілген (Төтенше пайдалану авторизациясы, EUA) аясында қолданыла бастаған алғашқы вакцина.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағында халықты вакциналау үшін келесі вакциналар қолданылды: "QazVac", "Спутник V", "Hayat-Vax", "Соronavac", "Sinopharm".

Оқи отырыңыз: