Өңірлер

Сарыағашта пошта қызметкері жұмысынан 35 млн теңге ұрлаған

Пошта қызметкері сыбайластарымен алдын ала келісіп, алаяқтық жолымен пошта қорынан ақша ұрлап, өз шотына аударған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері пошта бөлімшесінен 35 миллион теңге жымқырған алаяқтарды ұстады.

Сарыағаш ауданының полициясына пошта бөлімшелерінің бірінің қызметкері арызданған. Айтуынша, белгісіз біреулер мекемеге тиесілі 35 миллион теңгені ұрлап кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеп, қажетті шаралар қабылдады. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары бейнекамера жазбаларын жіті тексеріп, заттай айғақтарды зерттеді. Жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті анықталды. Ол пошта қызметкері болып шықты.

Сондай-ақ тергеу барысында жедел уәкілдер күдіктіге қымыс жасауға көмектескен екі сыбайласын тапты. Олардың бірі – жергілікті тұрғын, екіншісі – Семей қаласынан.

Анықталғандай, пошташы екі сыбайласымен алдын ала келісіп, алаяқтық жолымен пошта қорынан ақша ұрлап, өз шотына аударған. Қаскөйлер ұрланған ақшаны өзара бөліскен.

Қазір бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Үш күдікті де қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Оқи отырыңыз: