АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. Ауған соғысының ардагері Назым Мұрзатаеваның Алматыға келіп, пошта саласында қызмет етіп жүргеніне биыл 32 жыл болды. Пошташы бастапқыды өзі туып өскен Шығыс Қазақстан облысы Аякөз қаласында әскери аурухана жұмыс істеген, Ауғанстандағы соғыста бір жыл, бір ай болып, артынша Алматыға оралған.
Бүгін – дүниежүзілік пошта күні. Кәсіби мереке қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі тәжірибелі пошташымен еңбек жолы жайында әңгіме өрбітіп қайтты.
Назым Мұрзатаева 1988 жылдан бері пошта қызметінде жұмыс істейді. Ол сол жылы Алматыға медицина саласында білімін жалғастыру үшін келген. Алайда оқуға түсе алмаған соң ауылға қайтуға намыс жібермегенін айтады.
"Шығыс Қазақстанда Аягөз қаласында әскери аурухана болды. Сол жерде жұмыс істеп жүрген жерімнен мені Ауғанстанға жіберді. Ол жақта 1 жыл 1 ай болдым да, Алматыға келдім. Бір орында көп тұрақтамадым десе де болады. Пошта қызметін іздеген болармын", – дейді Мұрзатаева.
Ол пошта саласындағы отыз жылдан аса уақыт ішінде үш учаскенің жұмысын меңгерәп, жиырмадан аса шәкірт тәрбиелеген.
"Алматы почтамтына келіп, үш учаскенің жұмысын меңгердім. Еш тәжірибем болмаса да телеграф учаскесіне қабылдандым. Ол жерде сауатты жазу, жылдамдық қажет болды. Үйреткенін бірден игеріп алып, ол істі де дөңгелетіп әкеттім. Одан кейін жедел пошта бөлімінде жұмыс істедім, 2004 жылдан бері сұрыптау телімін басқарып отырмын. Ойламаған жерден келген саланы өміріммен байланыстырып келемін", – дейді ол.
Үш жылда пәтер алған
Пошташы отыз жыл бұрынғы Алматы тіршілігін сөз еткенде ең әуелі тұрақты тіркеуге тұрудың қиын болғанын айтты. Алайда жұмысқа орналасқан соң жас маманға бірден жатақханадан бөлме берілген.
"Әуелі поштада уақытша жұмыс істеп, сосын кетермін деп ойладым. Жұмысым ұнағаны соншалық кейін қызмет ауыстыру туралы ой болмапты. Себебі пәтер жағынан да мәселем осы жерде жүріп шешілді. Кейіннен бөлімдерге ауысу туралы ұсыныс түсті, алайда өндірістің ортасында жүрген ұнайды", – дейді тәжірибелі пошташы.
Айтуынша, барлығы бірден жақсы болып кетпеген. Жеке баспанасы болмаған соң анасы туған жеріне қайту туралы да айтқан.
"Отызға келген кезім. Сонда әріптесім басшылыққа барып пәтерімнің жоқ екенін айтыпты. Ауған соғысына қатысқанымды да қосыпты. Ол кезде соғысқа қатысқан кісіні қатты құрметтейтін. Содан бастығым неге өтініш жазбай жүргенімді сұрады да, бірден үй берді", – дейді ол.
Алайда тұрмыс құрмаған бойжеткен үшін бір үйде төрт адаммен бөліп тұру ыңғайсыз болған. Сол себепті басшылыққа барып, басқа баспана қажет екенін айтады.
"Төрт адамға бір үй берді. Ішінде бір бөлме менікі еді, үйге пеш жағу керек екен. Содан бастыққа барып пеш жаға алмайтынымды айттым. "Тұрмыс құрмағанмын, ондай үйде қалай тұрамын" дедім. Артынша еңбек демалысына ауылға қайттым. Анам пәтерде жүргенімді айтып, қайт деді. Мен де анамның сөзін тыңдап, жұмыстан шығамын деп жүргенде тосын оқиға болды", – дейді пошташы.
Демалыстан келгенде Назым Мұрзатаеваға бір бөлмелі пәтер берілген. Содан кейін жұмыстан шығу туралы мүлде ойламайтын болдым, дейді ол.
"Алғашқы айлығымды қайда жұмсағаным есімде жоқ. Алайда өзім оған дейін жұмыс істеген медицина қызметкері мен телеграфистің жалақысын салыстырдым. Арасы шамамен 20 сом еді. Сондықтан медицинаға қайта бармадым", – дейді пошташы.
Қызмет барысындағы қызықтар
Әңгіме барысында Назым Мұрзатаева пошташының жұмысында күтпеген жағдайдың жиі болмайтынын алға тартты. Алайда сәлемдемені діттеген жеріне жеткізудің жүгі ауыр екенін, кей адамның үйінде болмауына байланысты болған келеңсіз жағдайды айтып берді.
"Телеграф учаскесінде істеп жүргенімде "кездесу туралы жеделхатты" көрсетілген мекенжайға жеткізу үшін пошташы алып кетті. Ал ол кісі үйінде болмаған. Есікті ешкім ашпаған соң пошташы еш ойланбастан хатты сол жерде қалдырып кетіпті. Хатты алғаны туралы клиенттің орнына өзі қол қойған. Кейіннен хатты алмаған адам арызданып келді", – дейді ол.
Айтуынша, сол оқиғадан кейін сәлемдемені жеткізуші сөгіс алған. Әр хаттың ішінде шұғыл әрі маңызды ақпарат болуы мүмкін. Сол себепті қолына жеткеніне көз жеткізу – пошташының басты міндетінің бірі, дейді Мұрзатаева.
Күніне мың қағаз толтырған
Пошта қызметкердің айтуынша, қазір жұмыс жеңілдеген. Себебі осыдан отыз жыл бұрын барлық қағаз қолмен жазылып, толтырылған.
"Бізге телеграмма келеді, оның қайдан келгенін, кім жібергенін, қандай мекенжайға баратынын барлығын қолмен толтырып отырдық. Қазір барлығы автоматты түрде жасалады. Келген телеграмманы бөліп, сұрыптап, жолдап отыратынбыз. Әрбір хатқа нөмір берілетін. Қазір дайын нұсқасын шығарып, күніне 15-20 мың хатты сұрыптай аламыз. Ол кезде 5 адам бір күнде 1000 қағазды қолмен толтырып отырушы едік", – деп еске алды ол.
Ал жедел пошта бөлімінде жұмыс істеген кезде сәлемдемені жолдаушы пошта терезесіне пакетті алып келетін болған.
"Поштада кішкене терезе болды, сол жерге сәлемдемесін әкеліп тапсыратын. Ішінде хат та, зат та, құжат та болды. Диплом, туу туралы куәліктерді де пошта арқылы жіберді. Пакет арқылы ақша жіберуге болмайды, бірақ соны да жібергендер болды", – дейді Мұрзатаева.
Ал қазір Назым Мұрзатаеваның қол астында 29 адам бар. Өзі басшылық ететін бөлімге қызметкерлерді де өзі таңдап алады. Ол жастардың бойынан екі қасиетті бағалайтын да айтты.
"Жұмысқа келгендер екі апта сынақ мерзімінен өтеді. Жастардан жылдамдық пен ұғымтал болуды талап етемін. Адамның жасағанын адам істей алады, дегенмен біздің жұмыс ең алдымен жылдамдықты талап етеді", – дейді Мұрзатаева.
Оқи отырыңыз: Айтыскер ақын сахна сыртындағы айла-шарғы туралы айтты
Назым Мұрзатаева қазір 59 жаста, бір жарым жылдан кейін зейнетке шығады. Бүгінде бір ұлынан екі немере сүйіп отыр. Қызметтегі еңбегі үшін "Үздік байланысшы" марапатын алған. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған медаль иегері.