Оқиға

"Бәріміз талып қалдық": күзетшілер басына шығып секірген жігіт көз жұмды

Түркістан облысында моншаға келген төрт адамды күзетшілер ұрып-соғып, біреуін өлтіріп тастаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Түркістан облысында моншаға келген төрт жігітті демалыс орнының күзетшілері жабылып тепкілеген. Ауыр соққыдан 27 жастағы бір азамат ес жимастан көз жұмса, жанындағы үш досы түрлі жарақат алған.

Тепкілегендер саны 15 болғанымен, қазір бір ғана күзетші күдікті деп танылыпты. Оның өзі қамауға алынбаған. Осыған наразы марқұмның туыстары құзырлы орындар "өзара ауыз жаласып істі жауып тасмақшы" дейді. Өйткені төбелес болған сауна полиция қызметкеріне тиесілі көрінеді.

Қанды қылмыс саунада болған. Жұмыстан шыққан төрт дос кештетіп демалыс орнына суға түсуге келіпті. Бірақ сауна бағасын қымбат айтқан соң, саудаласамыз деп күзетшілермен керісіп қалған. Тіпті ерегестің соңы төбелеске ұласып, трт жігітке 10 шақты күзетші жабылған. Соқталдай жігіттердің соққысынан біреуі өліп, үшеуі көгала қойдай таяқ жеген, деп хабарлады КТК.

"Үшеуміз сыртқа шықтық. Бәрімізге 3-4 баладан жабылды. Бәріміз осы жерде талып қалдық. Есімізді білмейміз", - дейді жәбірленуші Ерболат Құдайбергенов.

Көптің соққысынан бірінші болып Еламан Мәліков құлайды. Оны 5-6 жігіт тепкілеп, басына шығып секіріпті. "27 жасар Еламанды құтқарып қалуға болар еді" дейді достары. Себебі сол жерден өтіп бара жатқан жедел жәрдем тоқтап, көмектеспек болғанда күзетшілер фельдшердің өзін қорқытты дейді.  

"Күзетшілер Еламанды жедел жәрдем көлігіне мінгізбей жатты. Жедел жәрдем дәрігеріне пышақ тақап, "әкетпейсіңдер, бұл өтірік істеп жатыр, қазір есін жинайды" деп, бетіне су шашқан. Есін жинай алмай жатса да басына секірді", - дейді  Ерболат Құдайбергенов.

Еламанды ұрып өлтірген  "Сокол" деген күзет агенттігінің қызметкерлері екен. Олар әрдайым осы саунада отырады дегенді естіп, марқұмның туыстары жиналған еді. Бірақ мұндағылар есікті ішінен тарс жауып алды.

Оқи отырыңыз: Алматыда ер адам әріптесін пышақтап өлтірді 

Саунаның аты "Манкент" болғанымен, жергілікті жұрт "Қарабаев саунасы" дейді екен. Себебі демалыс орны Шымкенттегі әл-Фараби полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Қарабаевқа тиесілі дейді жиналғандар. Ал Еламанға 15 жігіт жабылғанымен, күдікті ретінде жалғыз күзетші танылыпты. Оның өзі қамалмаған, жәбірленушілер полиция полковнигі мен өзге құзырлы орындар "ауыз жаласқан болуы мүмкін" деп топшылайды.

"Сауна Қарабаев деген әл-Фараби ауданы ішкі істер басқармасы басшысына тиесілі болғандықтан, Сайрам ауданы ішкі істер басқармасына қысым жасалған болуы мүмкін. Ішкі істер қызметкерлері ешқандай жұмыс атқармаған. Менің бауырымды бір топ адам аса қатыгездікпен өлтірді, 1-ақ адамды күдікті деп ұстап, Сайрам ауданы сотының судьясы оны ұйқамаққа жіберген", - дейді марқұмның ағасы Айкен Мәліков.

"Саунаның қожайыны" делінген полиция полковнигі демалыс орнының өзіне тиесілі екенін жоққа шығарды. Қазір жәбірленуші тарап саунадағы қырғынға қатысты тергеуді прокурорлар жіті бақылауға алуын талап етіп отыр.