Оқиға

Қарағанды облысындағы кеншілер қазасы: полиция қылмыстық іс қозғады

Қылмыстық іс "Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша қозғалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Абай шахтасындағы төтенше оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Қарағанды облысының  полиция департаменті.

"Абай ауданындағы шахтада метанның таралуына байланысты қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады полиция.

"Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы да қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қаза болған кеншілердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

"Абай" шахтасындағы төтенше оқиға

Жексенбі, 7 қарашада сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы шахтада төтенше жағдай болды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олардың жағдайы ауыр.