Білім

Алтынсарин атындағы академияға 100 жыл: мерейтойды қалай атап өтті

Оқу орны 1921 жылы Орынбор қаласында Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 100 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды академияның баспасөз қызметі.

Алматыда өткен іс-шараларға білім беру саласының құрметті қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және академияда ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен ғалымдар қатысты. Жиын Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоғын қою және Алаш зиялысының музей-үйіне бару рәсімінен басталды.

Алтынсарин атындағы академияға 100 жыл: мерейтойды қалай атап өтті

Одан соң академияның 100 жылдығына арналған конференция өтті. Жиында елдегі білім беру жүйесін дамыту мен қалыптастырудағы академия рөлі қарастырылды.

Салтанатты іс-шара соңында академия президенті Ғани Бейсембаев конференцияға қатысушыларға Ұлттық білім академиясының дамуы мен қазақ білімінің өркендеуіне, білім берудің мазмұны мен әдістемесін жетілдіруге еңбек сіңіргендерге алғыс хат табыс етті.

Академия тарихы

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 1921 жылы Орынбор қаласында Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен құрылған. Академия өз қызметін 1933 жылдан бері Алматы қаласында жүзеге асырды. 2009 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді.

Алтынсарин атындағы академияға 100 жыл: мерейтойды қалай атап өтті

Академияның мақсаты - оқу-әдістемелік, озық инновациялық технологияларды әзірлеп, енгізу арқылы отандық ғылымды заман талабына сай дамыту.