НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша — Sputnik. "Астана-жылутранзит" АҚ өткен жылы 77 миллион теңге көлемінде негізсіз табыс тапқан, деп хабарлады ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты "Астана-Жылутранзит" АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 3 267 040 теңге көлемінде айыппұл салынды. Компания айыппұлды өтеді.
Сонымен қатар монополияға қарсы комитет департаменті осы жылдың 1 тамызынан бастап "Астана-Жылутранзит" АҚ жылу энергиясын беру және тарату бойынша қызметке уақытша өтемдік тариф енгізді.
Жылу энергиясын беру және тарату қызметінің тарифі 2021 жылдың 1 тамызынан 31 желтоқсанына дейін қосылған құн салығынсыз 1 Гкал үшін 1 159,51 теңгені құрайды. Бұл бұрынғы тарифтен 11,74 теңгеге немесе 1%-ке арзан. Бұған дейінгі қолданыстағы тариф ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 1 171,25 теңге көлемінде болды.
Коммуналдық қызметтер тарифі неге өсіп жатыр
2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 шілдесіне дейін жылу энергиясын беру және тарату қызметінің тарифі қолданыстағы тарифтен 11,44 теңгеге немесе 0,9%-ке төмендеу арқылы қосылған құн салығынсыз 1 Гкал үшін 1 211,45 теңгені құрайды. Бұған дейінгі қолданыстағы тариф ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 1 222,86 теңге көлемінде болды.
"Астана-Жылутранзит" АҚ негізінен жылу энергиясын беру және тарату қызмет түрімен айналысады.