НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі АҚШ-қа кіргізудің жаңа талаптарын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрлікке дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 8 қарашадан бастап АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің сапасы бойынша санитарлық қадағалау басқарамасы немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған препараттармен COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы сертификаты (паспорты) бар адамдарға ғана Америкаға кіруге рұқсат беріледі.
Қазіргі кезде бекітілген тізімде жеті вакцина бар. Олар:
- Pfizer-BioNTech;
- Moderna;
- Johnson&Johnson;
- AstraZeneca;
- Covishield;
- BIBP/Sinopharm;
- Sinovac.
Сертификаттар вакцинацияға жауапты мемлекеттік орган бекіткен нұсқа бойынша ресімделуі шарт. Ол құжаттардың түпнұсқалығын авиакомпания қызметкерлері АҚШ-қа ұшқанға дейін тіркеу кезінде тексеріп отырады.
Сонымен қатар, жаңа талаптарда вакцина алмауға болатын адамдардың тізімі де көрсетілген. Олар:
18 жасқа дейінгі балалар;
вакцинациялауға қарсы көрсетілімдері бар адамдар;
дипломатиялық, қызметтік және транзиттік санаттағы визалары бар мемлекеттік қызметшілер немесе олардың отбасы мүшелері;
халықаралық ұйымдардың қызметкерлер.